Құрбан айт құтты болсын жамағат!

Құрбан айт құтты болсын жамағат!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Күллі Ислам әлемі асыға күткен ұлық мереке - Құрбан айт мерекесі үстіміздегі қазан айының 15 күні басталып, үш - төрт күнге жалғасады.
Аллаһ Тағала қасиетті Құран Кәрімдегі: «Намаз оқы және құрбан шал» (Кәусар, 108/3), - деген әмірі мен сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.с.) хадис шәріпіндегі: «Біздің бұл күнде алғашқы атқаратын ісіміз - намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбандық шалу. ...», - деген өсиеті айттың бірінші күні әуелі айт намаз оқып, кейін құрбан шалу керектігі үкім етілген.
Аллаһ қаласа, 15 - қазан күні Тараз қаласы бойынша 08.15 - те айт намазы оқылады. Құрбан айт намазы оқылғаннан кейін қазанның 15, 16, 17 күндері құрбан шалу құлшылығы орындалады.
Осы аталған сауабы мол ғибадат Тараз қаласындағы облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің жанындағы мал союға арналған орында және «Әулие ата», «Әбдіқадір», «Бегалы ата», «Шейх Зуннун» мешіттеріндегі арнайы орындарда атқарылады. Ислам діні - тазалықты ту еткен дін. Сондықтан ұлық мереке қарсаңында қаладағы көп қабатты тұрғын үй аулалары мен көше бойларында тазалықты сақтау мақсатында құрбан шалу рәсімін арнайы орындарда ғана атқаруларыңызға кеңес береміз.

 

 

 

 


ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі, «Һибатулла Тарази» орталық мешітінің бас имамы Жұмабаев Данияр Әлимұхамедұлымен сырласып, Құрбан шалудың дініміздегі маңызыдылығы хақында ой бөліскен едік.

 


- Құрбан айт намазының уақыты мен үкімін айтып өтсеңіз?


- Ең әуелі баршаларыңызды келе жатқан, Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын. Алла қаласа Қазан айының 15 күніне тура келіп отыр. Айт намазының үкімі: жұма намаз парыз болған кісілерге айт намазын оқу - уәжіп. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Кім айт намазынан бұрын мал шалса, оның орнына қайта мал шалсын. Ал кім айт намаздан кейін құрбандық еткен болса, оның құрбандығы қабыл болды және ол мұсылмандардың сүннетіне дөп келеді», - делінген.
- Құрбандықтың үкімі қандай?


- Һижраның ІІ-ші жылында парыз болып, оның шариғи үкімі аят, сүннет және ижмағ (ұжымдық қаулы) арқылы негізделеді. Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Раббың үшін намаз оқып, құрбан шал» («Кәусар», 2-аят),- деген.
- Құрбандық шалу кімдерге міндет?


- Мына шарттарсыз құрбандық ешкімге уәжіп болмайды: 1. Мұсылман болу; 2. Азат болу; 3. Тұрғын болу; 4. Дәулетті болу; Мұсылман кісінің құрбан айт күні зекет берерлік мөлшерде дәулеті болса, яғни өзінің басты қажетінен артық мал-мүлкі болса, ол кісіге құрбандық шалу - уәжіп.
- Құрбандық еті кімдерге таратылады?


- Құрбан шалушы құрбандығының етінен өзі жей алады және тұрмысы нашарларға да, дәулеттілерге де құрбандық етінен таттыра алады. Құрбандық етін үшке бөлу және оның үштен бірін садақа еткені абзал болады. Бала-шағасына бір бөлігін, қалған бөлігін туыстары мен достарына бергені дұрыс. Ең абзалы - құрбандығының барлығын садақа етуі. Өзі атаған малын соя алмаса, сойып берген адамға сойылған Құрбан малдың етінен ақы беруге болмайды. Бөлек ақысын төлеуі керек.
- Құрбан айт мезгіліндегі Қажылық туралы не айтасыз?


- Хаж (араб тілінде) - құрмет тұтылған қасиетті жерді зиярат ету мағынасын білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы - қажылық айлары деп аталатын арнайы уақытта Сауд Арабиядағы Мекке қаласының жанындағы Арафат тауында ғибадат ниетімен бір мезет тұру, сосын Қағбаны тауап ету және қажылықтың арнайы басқа амалдарын орындау арқылы атқарылатын ғибадат. Қажылық ғибадатының орындалатын айларына келсек. Шәууал, Зулқағда және Зулхижжа айының алғашқы он күні. Қажылықтағы әрбір амал үшін белгіленген арнайы уақыт бар. Зиярат тауабының уақыты құрбан айт күні таң атысымен басталып, қажылыққа ниет еткен адамның өмірінің соңына дейін. Бірақ зиярат тауабын құрбан айттың алғашқы үш күнінде орындау уәжіп болғандықтан, кімде-кім осы уақыттан кешіктірсе, қажылығының дұрыс болуы үшін құрбан шалуға міндетті. Ал Арафат тауында тұрудың уақыты болса, арафа күні түс ауғаннан құрбан айт күні таң намазының уақыты кіргенге дейінгі уақыт.
- Ықыласпен берген жауаптарыңызға көп рахмет.

 

Көгедай Шәмерхан

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: