Алланың адам баласына сынағы әр-түрлі. Біреуге нәубет берсе, біреуге дәулет береді, біреуге байлық берсе, біреуге жарлық береді. Сол сынақтарға адам баласы шыдауға һәм сабыр етуге тиіс. «Бай болсаң тасыма, Кедей болсаң жасыма» деген бабалар ұлағаты да осыны меңзесе керек-ті. Жақында ғана қимастықпен қош айтысқан Рамазан айының біздерге берер бір сабағы жарлы-жақыбайлардың, кедей-кепшіктердің, ауру-сырқаттардың, міскіндердің хал-жағдайын түсінуге шақыратыны белгілі. Дәулеті бар адамды тәубесіне шақыратын және маңайындағы Алланың түрлі сынағын тартып жатқан жандарға жәрдем еткізетін рухани жаңару айы болатын.
Тек қана бұл айда ғана емес, жыл он екі ай бойы сол жандарға көмектесу баршамыздың бұлжымас міндетіміз болып табылады. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да көптеген хадистерінде келтіріп өткен. Сол бір міндеттерге амал қылуға «Һибатулла Тарази» мешіті де ниеттенген еді. Мұндағы мақсат өңіріміздегі жағдайы төмен отбасыларға, кембағалдарға көмек көрсетіп Алланың разылығын табу еді. «Мешітімізге түсіп жатқан пітір-садақалар, зекеттерге тек қана мешіттің ішкі-сыртқы қажеттіліктеріне ғана жаратпай, облысымыздағы бірнеше кедей-кепшіктер мен міскіндерге де көмектесіп, жәрдем етуді міндет тұттық» дейді, облыстық мешіттің бас имамы Данияр Жұмабаев. Иә, Алланың разылығын, кембағалдардың рақметін алу мақсатын бастамаға алған бұл шара барысында 35 отбасыға көмек көрсетіліп, қомақты жәрдем жасалынды. Облыстық мешіттің бұл игілікті ісіне алғысын жаудырып, бата-тілектерін арнаған сынақ иелерінің рақметтен өзге айтары жоқ екен. Лайым Алланың рақымына бөлейтін, рақымды істер көбейе бергей.
Наурызбек Саршаев