Міне, айлардың төресі, күллі мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазан айымен қимай қоштасатын күнге жеттік. Еліміздегі барша мұсылмандар күннің аптап ыстығына қарамастан, Рамазан айын жақсы ниетпен, тақуалықпен, оразамен өткізді. Кездескен қиындықтарға сабыр етіп, Жаратушы Иеміздің разылығына ұмтылды. Ми қайнатар ыстықты ауырсынбай ораза ұстауға төзе алған жан, өмірдің басқа да сынақтарына сабырлық таныта алатыны сөзсіз.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға көшіп келгенде, жергілікті халықтың мейрамдап, көңіл көтеріп жатқанын көріп: «Бұл қандай мереке?» деп сұрағанда: «Бұл біздің Исламға дейін тойлап келе жатқан мерекелеріміз» деген жауап естіді. Сонда Расулулла (с.ғ.с): «Алла сіздерге бұдан да ұлық екі мейрам берді. Олар Рамазан және Құрбан айттары»-деп осы ислами мейрамдардың мәртебелі екендігін білдірген.
Мінекей бүгін Қордай елі де айт намазын оқып, бір-бірін құттықтау үшін мешіттерге топ-тобымен ағылды. Айт намазын 7.30-ға белгіленді. Айт намазы алдында ауданымыздың бас имамы Ә.Шалбай жиналған қауымды мерекемен құттықтап, айт және рамазан күндерінің артықшылығына тоқталып, әсерлі уағыз айтты. Мұсылман қауымының ең ұлық мерекесімен жамағатты құттықтауға Қордай ауданының әкімі Н.С. Календеров, маслихат хатшысы Б.Әлімбет, аудан әкімінің орынбасарлары Б.Т Жаманкөзев, Қ.Р Иманалиев арнайы мешітке келді. Аудан басшысы Н.С Календеров айт намазына жиналған жұртты мерекемен құттықтап, «құлшылықтарыңыз қабыл болсын, Алла тағаладан тілеген дұғаларыңыз қабыл болсын, еліміз аман, жұртынымыз тыныш болсын»-деген сөздермен жылы лебіздерін білдіріп, мұсылман қауымын бір қуантты.Отыз күн ораза тұтып, нәпсісін тізгіндеген жамағат айт намазын оқып, имам хұтпасын тыңдап, үй-үйге ұлық мерекемен құттықтауға тарқасты. Міне Қордай жерінде айт мерекесі осындай жақсылықтармен басталды.
Дәуренбек Жандосұлы
аудандық «Қордай» мешітінің
баспасөз хатшысы