айт мүбәрак болсын!

айт мүбәрак болсын!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 
  
Құрметті мұсылмандар, келген Ораза айттарыңыз қабыл болсын.

Айы бойы нәпсісін тежеп, жан дүниесінен зекет беріп, ораза ұстаған бауырлар ниеттеріңіз қабыл, мұраттарыңыз асыл болсын!


 Рамазан айында ораза ұстау Жаратушы Аллаға жақындау екендігін түсінген мүминдердің жүрегінде титтей де бөгде ниет болмайды. Бұл қасиетті айды Құран түскен ай, ынтымақ-береке қайырымдылық айы деп түсінгеніміз жөн. Байлар ораза арқылы кедейдің жағдайын есіне алады, такәппарлық мүлдем болмайды, себебі жан дүниесі нәпсінің билеуіне түспей, жүрегі тазалыққа, рухани азаттыққа ұмтылады. Туыс-туған бауырлардың, алыс-жақын ағайындардың арасы жақындап, татулық пен бауырмалдыққа жетеді.

 

 Осы айда ораза ұстаған жандардың нығметі артып, сауаптар еселенеді. Адамдар бір арнада тоғысып, бір Аллаға құлшылық етеді, Жамағатпен ауыз ашарлар беріліп, Тарауих намазы оқылады. Араздасқандар кешіріседі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде, «Бір-бірлерін жақсы көруде, бір-бірлеріне жан ашуда, бір-бірлеріне мейірімділік таныту тұрғысында мүминдер тұтас бір ағза секілді. Дененің бір мүшесі ауырса, басқа мүшелері қосыла сыздайды» деген. Сол үшін бауырмалдықтың өзі мұсылман бойындағы асыл қасиет екендігін түсіндіріп отыр.

 

Осы Рамазан айында жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын созып, ораза ұстаған жандардың ғибадатына кедергі келтірмей қайта құрметтеудің өзі нағыз имандылық. Хұдси хадисте, Алла тағала «Адам баласының барлық амалы өзі үшін жазылады. Алайда оразаның жөні бөлек. Оның қарымын тек Мен беремін. Өйткені ол тек менің разылығым үшін ішіп-жеуден бас тартты.» десе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Ораза ұстаған адамның екі қуанышты сәті бар: біреуі ауызашар уақыты, екіншісі Аллаһ Тағаламен қауышар сәті. Мына бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Әр нәрсенің өз зекеті бар.

 

Тәннің зекеті - ораза ұстау. Ораза - сабырдың жартысы»- деу арқылы құлшылық жасауда сабырлы болуға шақырады. Оразаның теңдессіз құлшылық екендігі жайлы Әбу Үмәма (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарымыздан жақсы бір амал сұрадым. Ол маған «Ораза ұста, өйткені, оған тең келер құлшылық жоқ», - деді. Мен екі-үш рет қайталап сұрасам да «Ораза ұста, оған тең келер құлшылық жоқ», - деген жауабынан танбады» деп айтқан. Оразаның сауабына байланысты басқа хадистерінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кімді ораза ішіп-жеуден тыйса, Аллаһ Тағала оған Жұмақ жемістерінен жегізіп, Жұмақ бұлақтарынан ішкізеді» міне ораза ұстаған жан үшін қандай кермет сүйінші! Ал ораза айт намазына тоқталып өтсек, ертең яғни тамыздың 8 жұлдызы 7:00 де басталады. Айт намазына қатынасушы ғұсыл алып, таза ретті киініп келгені абзал. Бұл күндері әруақтарды еске алып, Құран оқыса болады. Айт намазына үлгере алмаған адам жеке өзі айт намазын оқи алмайды. Қаласа төрт рәкат намаз оқиды.

 

Бұл да сәске намазының орнына жатады. Құрбан айт намазын кешіктірмей, ал, Рамазан айт намазын аздап кешіктіру - сүннет. Рамазан айтта айт намазынан бұрын құрма секілді бір нәрсе жеу, Құрбан айтында болса, айт намазы оқылмай тұрып ештеңе жемеу - мұстахап. Бурәйда (р.а.) былай дейді: «Аллаһ Елшісі (с.а.у.) Рамазан айтында дәм татпай үйден шықпайтын. Ал құрбан айтында намаз оқығанға дейін еш нәрсе жемейтін» жайылы риуаят еткен. Алла барша мұсылманға екі дүние бақытын берсін!


ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі,
«Һибатулла Тарази» мешітінің Бас имамы. Жұмабаев Данияр

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: