Ақырзаман жайлы арандатулар.

Ақырзаман жайлы арандатулар.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

ШЕЙХ ӘБСАТТАР ҚАЖЫ ДЕРБІСӘЛІ,

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ

ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ


Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарынан «ақырзаман жақындап қалыпты», «21 желтоқсанда дүние тіршілігі тоқтайды екен», «адамдар ақырзаманға дайындалып жатыр» деген даурықпа, елді дүрліктірер ақпараттар берілуде. Заманақырды қалжың сөзге қосып, «22-сі күні тірі болсақ көрерміз» дегендерді де естіп қалдық. Жаһанға тараған «жаңалықты» естіп, көріп алған кейбір отандастырымыз азық-түліктерін қамдап жатқан көрінеді...
 
Біздің айтпағымыз: ақырзаманның қашан болатыны жайлы сауалдар пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) заманында да адам баласын мазалаған. Алла тағала «Ағраф» сүресінің 187-аятында: «(Ей, Мұхаммед!) Олар сенен қияметтің қашан болатынын сұрайды. (Сен оларға) «Оның қашан болатынын Раббыңның өзі ғана біледі, ол оны қарарлы кезінде болғызады. Қиямет - жермен көкке (ондағы махлұқатқа) ауыр оқиға....» деген.
 
Жаратушы Иеміздің қалауымен ертелі-кеш дүние тіршілігі тоқтайтыны рас. Бірақ оның уақыт-сағатын өзінің дәм-тұзы қашан таусылатынын білмейтін адам баласы қайдан білсін?! Оны пенде де, періште де білмейді. Адамзаттың асылы - Алла Елшісіне (с.ғ.с) де мағлұмат берілмеген. Бірде Жәбірейіл (ғ.с.) періште пайғамбарымызға (с.ғ.с) адам бейнесінде келіп: «Қияметтің қашан болатынын айтшы», - дейді. Сонда ол (с.ғ.с): «Сұралып тұрған адам сұрап тұрған адамнан артық білмейді», - деп жауап берген.
 
Басы ашық нәрсе: бәрі бір Алланың қолында. Біз біреудің айтқанына емес, Құдайдың қалауына ырық берген, Оның әміріне мойынсұнған мұсылман халықпыз. Әлдебір тайпаның тұспалдаған тұжырымымен емес, бір Алланың әміріне амал еткен елміз. Сондықтан болар, «Құдайсыз қурай да сынбайды» деген мақал мұсылман қазақтың санасына сіңіп, пәтуәлі сөз ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырған.
 
Адам табиғаты сенгіш келеді. Құдайды танымағанның «құдайы» көбейеді. Әйтпесе, «ақырзаман таяп қалыпты» деген сөз ел арасына 2000 жылы желдей есіп еді. Кейбір «білгіштер» заманақырды 2002 жылға «ауыстырыпты». Оның да бос дақпырт екеніне куә болдық. Енді, міне, «2012 жылдың 21 желтоқсанында дүниенің астаң-кестеңі шығады» деп елді дүрліктіріп отыр.
 
Шығыс даналығынан қалған сөз бар: «Мені өлімім емес, өлімнен кейінгі өмірім мазалайды». Ақыретке дайындық дүкеннен сіріңке, майшам, азық-түлік сатып алумен немесе жер қазып, тереңге тығылумен өлшенбейді. Жан азығын емес, иман азығын жиғанымыз абзал. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жеткен хадистің мағынасы мынаған саяды: бұл өмірде өлмейтіндей өмір сүріңдер, әрі ақыретті де ұмытпаңдар.
 
Нұх (ғ.с) дәуірінде топан судан қашпақ боп, жан сауғалап тау төбесіне шыққандар болған. Онда да тірі қалған тіршілік иесі жоқ. Мұсылман үшін ақырзаманның қашан болатыны емес, қиямет күнгі есеп-қисап маңыздырақ. Өйткені, әлгінде аятта айтылғандай, «қиямет - адам үшін ауыр оқиға...»
 
Мұсылмандардың әділетті патшасы болған Омар (р.а) мен дана Абайдың ой-тұжырымы бір арнада түйіседі: есеп бермей тұрып, өзіңе есеп бер». Өнегелі өмір, ғибратты ғұмыр кешу, имандылыққа ұйысып, Алланың алдында қабыл болар ізгі, ұнамды амалдарды атқару, қысқасы Құдайға құл, адамға ұл болу - ақыреттік жемісіміз. Өзіме де, өзгеге де айтар насихатым осы.   
 
Мен мұсылмандарды, барша жұртымызды сабырға шақыра отырып, бос әңгімеге даурықпай, одан гөрі Аллаға деген сенімімізді нығайтып, ел игілігі үшін сауапты да салауатты ізгі істерге үлес қосуға үндеймін.
 
Құрметті отандастар!

Сондықтан мен баршаңызды босқа дүрліккеннен гөрі, Алла тағаладан елдің амандығын, халқымыздың бірлігін тілеуге шақырамын. Арандатушы ақпаратқа алданбай, жұртымыздың ынтымағы мен тәуелсіздігіміздің баянды болуы жолында жұмыла жұмыс істеуіміз абзал.
 
Алла тағала құлшылығымызды қабыл етіп, екі дүниенің бақытына бөлегей! Баршамызды ақыретте жүзі жарық болған құлдарының қатарына қосқай!
 


www.muftyat.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: