«Ережеп - Алла тағаланың айы. Осы айда бір күн нәпіл ораза ұстаса, ғибадат етіп, құлшылық жасаса немесе осы айда бұл дүниеден озса, Алла тағала ол кісінің амал кітабына бір жылғы ғибадатының сауабын жазар» деген пайғамбарымыз Мұхаммад (с.ғ.с.) сөзін жадына тоқыған Еңбек ауылының тұрғындары өткен қасиетті жұма күні сауапты іс жасады.
«Болар істің басына жақсы келер қасына» деген сөздің растығына сол күні көзіміз тағы жеткен. Ауылдың үлкен-кішісі құдайға құлшылық жасап, мінәжат ететін қасиетті орын, мешіттің бой көтеріп, бітуіне аз қалған шақта Ережеп айын ұлықтау мақсатымен мал сойып, әруақтарға Құран оқыды. Алладан жақсылық тіледі.
Дастархан басында Көлқайнар ауылдық округінің әкімі Мұхтар Шайдаев жақсы тілектерді тілге тиек етіп, ауылдағы мешіттің бой көтеруіне үлесін қосқан азаматтарға алғысын жеткізді. Ауданның бас имамы Ғайырфулла Әмірбеков пен ауылдағы «Ал-Қадыр» мешітінің имамы Мұрат Жұмабаев уағыз айтып, Құран бағыштады.
Д.Салымұлы,
Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің тілшісі.