Ислам дінінде әйелдердің орны ерекше - еркектер мен тең болмаса олардан төмен рөл атқармайды, Исламда әйел біріншіден мұсылмандардың, муғминдердің тәрбиешісі. Исламның болашағы мүмин аналардың алтын қолдарында.
Шу аудандық орталық «Төле би» мешітінде аудан әйелдері және қыз-келіншектеріне арналған семинар өтті. Семинарды жүргізуге арнайы келген Тараз қаласындағы «Һибатулла Тарази» медресесі жанынан ашылған қыздар сауат ашу курсының ұстаздары Үсенова Зейнеп және Мырзабаева Камиланы ауданның бас имамы Аят Дыбысұлы семинарға жиналған жамағатқа арнайы таныстырып, сәттілік тіледі.
Семинарда ілім, ниет, ықылас, тәубе, ғибадаттың маңыздылығы және ақида, дәрет мәселелері жайлы сөз қозғап, кыз-келіншектермен пікір алмасып, бір қатар өзекті мәселелер жайында уағыз-насихат жүргізілді.
Семинарға жиналған 60-қа жуық қарт апалар мен қыз-келіншектер ғибратты отырыстар мен уағыздарға шөлдеп қалған-ақ екен, олар ұстаздарды ортаға алып, түрлі сұрақтар қоюмен болды. Жиын соңында жиналған нәзік жандылар қауымына арнайы дастархан жайылып, тамақ берілді. Осындай игі бастамаға мұрындық болған Жамбыл облысының өкіл имамы Данияр қажы Әлимұхамедұлына аудандық мешіттің қызметкерлері мен қыз-келіншектер жамағаты өз алғыстарын білдіріп, осындай жиындар жиі өткізіліп тұрса деген ұсыныстарын жеткізді.
Әйелдер ислам дінінің өздеріне берген қадірін, жеңілдігін, еркіндігін білсе, бүкіл дүние жүзінің әйелдері бірден мұсылман болар еді.
Алланың ардықты елшісі Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у.) хадисінде: «Әйелдерді тек текті және абыройлы адам ғана қадір тұтады. Оларды тек жаман және төмен адамдар ғана қор көреді» (И. Асакир) және «Салихалы әйел, жақсы көлік, кең үй - бақытқа себеп. Мінезі жаман әйел, жаман көлік, тар және қысылыңқы үй бейбақтыққа себеп» (Әбу Дауд) деп бекер айтпаса керек.
Шу аудандық «Төле би» мешітінің
баспасөз қызметі.