Қордай ауданы, Қордай ауылындағы «Гуманитарлық» колледжі және аудандық «Қордай» мешітінің ұйымдастыруымен, 2-курс бастауыш сынып білімгерлерін асыл дініміздің құндылықтарымен таныстырып, олардың келешекте бақытты әрі үлгілі жанұялардан болуы үшін ғибратқа толы уағыз насихаттар айтылды.
Бас сөз Красный партизан ауылыныдағы «Рахман» мешітінің имамы Ақан Малдыбаевқа беріліп, дініміздің бес тірегіне кеңінен токталды. Келесі кезекте 2012 жылы қасиетті Қағба бет алып, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) туған жерін көріп, қажылық парызын өтеп келген құрметті Сәрсенбаева Сағынкүл қажы апамыз өзінің қажылық сапары жайында баяндап, оқушыларға және жалпы мұғалімдер жамағатына көп ізгі тілектерін айтып батасын берді.
Білімгерлер көкейінде жүрген түрлі сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауаптарын алды. Директордың орынбасары Османова Айым Жуманқызы сөз соңында өзінің ризалығын білдіріп, жас ұрпақты тәрбиелеуде біріге білек түріп жұмыс істесек деген ықыласты ізгі тілегін білдірді.
Оқу орнының ұжымынан директор Алқа Қастаевна, кітапханашы Зейнехан Нартбаева, мұғалім Алмасбекова Айсара, медбике Оспанова Күлпан апайларымыз да жүздесудің жүрісінде беріле ден қойып, қыз-жігіттеріміздің келешегі үшін мұндай ізгі іс шаралардың қажетті екендігін құптап отырды.