Құран Кәрімде Алла тағала: «Шамаларың келгенше Алладан именіңдер. Оның айтқанына (әміріне) бойұсыныңдар, (Алла жолында) мал-мүліктеріңді жұмсаңдар. Бұл өздерің үшін қайырлы. Кімде-кім нәпсі сараңдығынан сақтанса, ол мақсатына жетуші. Егер Аллаға жақсылап қарыз берсеңдер (садақа берсеңдер), Алла оның сауабын еселеп қайтарады. Сендерді жарылқайды. Алла береген (аз жақсылыққа, көп сауап беруші) кеңпейіл, жазалауға асықпайды. Ол құпияны да, әшкерені де білуші. Ол аса үстем хикмет иесі» («Тағабун» сүресі, 16-18-аяттар), - дейді. Демек, өзінде барды өзгемен бөлісу Алла жақсы көретін игі істердің қатарына жатады. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) өзінің хадистерінде: «Ақиқат байлық - мал-мүліктің көп болуы емес, ақиқат байлық - кеңпейілділік, қайырымдылық» және «Қайырымдылық - жақсы қасиет» (Әбу Һүрайрадан (р.а.) имам Мүслім риуаят еткен), - деп қайырымды адам ғана шын байлықтың иесі екендігін айтқан.
Әрқашан «Кең болсаң, кем болмайсың», - деуден жалықпайтын жандардың шарапаты бүгінгі қайырымдылық көмек алған азаматтардың қуанышынан да көрініс тауып отырғаны соның айғағы. Ата-бабаларымыз жақын адамдарға жақсылық жасау ұғымын жақсы түсінсе, қазіргі таңда қайырымдылық әрбір азаматтың борышына айналды. Елімізде адамдарға қол ұшын беруге дайын көптеген компаниялар, қоғамдық ұйымдар мен азаматтар баршылық.
Бүгін демеушілер ұйымдастыруларымен «Һибатулла Тарази» мешітінде жағдайы төмен 15 отбасыға он мың теңге қаржылай және ұн, күріш, қант, май, макарон сияқты азық-түлікпен жәрдем көрсетілді. Қаржылай және азық-түліктей көмекке ие болған азаматтар осы қуаныштарына марқайып, қайырымдылық көмек жасаған демеушілерге өздерінің шексіз алғыстарын айтты.
Кісіні кейде таршылық сынайды, кейде баршылық сынайды емес пе. Мақалаға арқау болған қайырымдылық жасаушы азаматтар өздерінің есімдерін жарияламауды өтінді. Біз де сауапты істеріне Аллаһ разы болсын деген тілек айтамыз.
Игілікті іс жасап, адамдарды қуанышқа бөлеп, Алланың разылығына ие болар азаматтар көбейе берсін.
Лаура Алмаханова