Ислам дінінің құндылықтары мен мақсатын түсіндіріп, жалпы халықты теріс ағымдардың құрбаны болып, секталардың шырмауынан сақтандыру мақсатында Қарасу ауылында орналасқан №7 А.С Пушкин атындағы орта мектебінде ауыл имамы С.Аманбаевтың ұйымдастыруымен «Дін және қоғам» атты жиын өтті.
Осы жиынға арнайы аудандық «Қордай» мешітінің баспасөз хатшысы Д.Жандосұлы келіп, жиналысқа мектеп директоры Ж.Айтиева, мектеп директорының орынбасары Г.Саймасаева, мектеп оқушылары және ата-аналар қатысты.
Жиналыста бірінші болып мектеп директорының орынбасары Г.Саймасаева сөз алды. Г.Саймасаева ханым жиналған халыққа жиналыс мақсатын түсіндіріп, келген қонақтармен таныстырып, Д.Жандосұлына сөз берді. Аудандық «Қордай» мешітінің баспасөз хатшысы «Ислам діні - бейбітшілік діні» атты тақырыпта уағыз айтып, асыл дініміздің бейбітшілік сүйер, тыныштықтың діні екенін баса айтып, Исламның негізгі қағидаларын түсіндірді. Осы ауылда орналасқан «Ал-Хадий» мешітінің имамы С.Аманбаев жат ағымдардың зиянын ашып көрсетіп, олармен күресудің ең тиімді жолы, ол діни сауат ашу болып табылатынын ескертті.
Жиналыс барысында оқушылар келген дін қызметкерлеріне өздерін мазалап жүрген сұрақтарын қойды. Сұрақтар салт-дәстүр мен әдеп-ғұрып аясында болды. Қойылған сұрақтарға мешіт қызметкерлері шариғат шеңберінде нақты және түсінікті жауаптар берді. Аталмыш жиынның пайдасы көп боларына сеніміміз мол. Осындай жиналыстар мектептерде, жалпы жастармен жиындар көптеп ұйымдастырылса, оған дін қызметкерлері қатысса пайдасы мол екені анық. Жиын соңында ауыл имамы С.Аманбаев мектеп ұжымы мен оқушыларына сәттілік тілеп, батасын берді.
Аудандық «Қордай» мешітінің
баспасөз қызметі.