Өткен сенбі күні «Байзақ баба» мешітінде жиын өтіп, оған қатысқан ауыл имамдары алдында бас имамның міндетін атқарушы Р. Азизов бүгінгі таңда "Таблиғи жамағат" ұйымы туралы қысқаша мағлұмат берген соң, аудан прокуроры Нұрлан Асабаев 2013 жылдың 26 ақпанында Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының шешімімен "Таблиғи жамағат" діни ұйымның Қазақстан аумағындағы қызметіне тыйым салынғандығы, аталмыш ұйымның ұстанымдары, дәстүрлі емес діни ағымдардың жастар санасын улап, аталмыш ұйымның ел дамуына, қоғам мен мемлекет тұтастығына зиян келтіретіндігі туралы айтса, Жамбыл облысы Байзақ ауданы бойынша ұлттық қауіпсіздік комитетінің бас маманы Марат Баймахановтар «Таблиғи жамағат» ұйымы туралы, оның ерекшеліктері жөнінде түсінік берді.
Мұнан соң "Байзақ баба" мешіті бас имамның міндетін атқарушы Р. Азизов Елбасының Қазақстан халқын арнаған Жолдауындағы басым бағыттарды жүзеге асыру барысында туындаған міндеттер жайында, таяуда өткен Қордай ауылындағы Жамбыл облысының әкімдігі мен ҚР Дін істері агенттігі ұйымдастырған "Таблиғи жамағат-елге жат ағым" атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда қаралған мәселелер мен алқалы жиынға қатысушылардың Үндеуін мақұлдап отырғандығын, өсіпк еле жатқан ұрпақтарға дұрыс бағыт беруде имамдарға жүктеліп отырған жауапкершілік жүгіне, алда болатын аттестацияға дайындықты күшейту жайы туралы айтып өтті.
Жиын соңында оған қатысушылар ислам діні, оның құндылықтарын құрметтеу, жалған діни ағымдармен күресті жандандыруға баршаны жұмылдыру қажет деген ұйғарымға келді.
Г. Әбдіқұлова,
"Ауыл жаңалығы".