Облыстық насихаттық топтармен өткен кездесу.

Облыстық насихаттық топтармен өткен кездесу.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қаратау қаласындағы  балалар өнер мектебінде облыстық насихаттық топтармен кездесу болып өтті. Оған облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының лекторы, дінтанушы С.П.Култаев,  Тараз қаласы «Намаз ата» мешітінің бас имамы Б.В.Мыңбаев, «Муслин» қоғамдық қорының төрағасы Қ.Ә.Әлішеров, Қаратау қаласы әкімінің орынбасары А.Абдибекова, Талас  ауданы мешітінің имамдары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, орта, арнайы орта оқу орындарының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен мұғалімдері және жоғарғы сынып оқушылары мен колледж білімгерлері, аудандық «Талас тынысы» газетінің өкілдері қатысты.


Тараз қаласы «Намаз ата» мешітінің бас имамы Б.В.Мыңбаев: «Дін дегеніміз - бойұсыну, құлшылық, жақсы істерге бойұсыну, жаман істерден бойын аулақ ұстау. Дін адам баласына берілген үкім.  Ислам- бағыну, орындау деген мағынаны білдіреді. Муслим, яғни мұсылман - Алла  Тағаланың әмірін орындаушы, бағынушы. Аяттардың ішінде ғылыми аяттар бар, сол аяттардың растығын қазір ғалымдар дәлелдеп жатыр. Мысалы, аятта Алла Тағала жеті қабат аспанды жараттым деген. Осыны кейіннен ғалымдар дәлелдеді. Нағыз мұсылман жақсы амалдар жасау керек, қолымен де, тілімен де ешкімге зиянын тигізбеу керек. Қазір исламды жамылған көптеген саяси ағымдар бар. Ислам таза, асыл дін. Мұсылмандар соғыспайды, ешкімге зиянын тигізбейді. Саясат арқылы мұсылмандарды бір-біріне қарсы қойып, іштей іріту мақсатында  көптеген теріс ағымдар бар. Аятта Аллаға серік қоспа, ата-анаңды құрметте, басшыларды, мұғалімдерді құрметтеу әмір делінген. Адам бір-бірін құрметтеу керек. Жастар бойларыңды жаман, харам нәрседен аулақ ұстаңдар, арақ, темекі, есірткі сияқты зиянды заттардан аулақ болыңыздар», - деп насихат айтты.


Төрағалық етуші Талас ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бастығы Ж.Б.Жақсылық сөз кезегін «Муслин» қоғамдық қорының төрағасы Қ.Ә.Әлішеровке берді: «Қазір сақалдарын ұзын етіп өсіріп алатын, ұзын көйлек пен балағы қысқа шалбар киіп алатындарды кездестіреміз. Сұрастыра келе, олардың «таблиғи-жамағат» ағымында екенін білеміз. Салт-дәстүр туралы түсіндіріп өтсем, салт -қазақтың қазақ екенін білдіретін,қазақтың бейнесі, дәстүр - қасиетті ислам дінінен келген қазына. Мысалы, келін түссе, беташар - салт болса, неке қию - дәстүр. Салт -дәстүрлер ұрпаққа тәлім-тәрбие береді. Салт ата-бабамыздан бізге қалған мұра. Осы салттың қадіріне жетпей, салттың не керегі бар дейтіндер де бар. Кейбір теріс ағымдар салтты жоққа шығарады, мемлекет арасында шекара болмау керек дейді. Әр ұлттың өзінің ерекшелігі болады, өзіне тән тілі, салты болады. Сендерді әртүрлі ұлыстардан жараттық деп Құран аятында да көрсетілген.  Лаңкестік  - адамзаттың ізгі ниеттері мүшелерін алаңдатып отырған қауіпті құбылыс.  «Террор» сөзі латын тілінен шыққан, қорқыныш, үрей деген мағынаны білдіреді. Лаңкестіктің мақсатына жету жолында қолданатын басты әрекеттері күш жұмсау, мәжбүрлеу, аса қауіпті жағдай туғызу. Лаңкестік іс-әрекетіне қарай көптеген түрге бөлінеді. Солардың бірі мемлекетке қатысты, соның ішінде болатын лаңкестік.

 

Мемлекет ішінде болатын мұндай әрекет, арнайы ұйымдастырылған топтың мемлекеттік саяси іс-шараларға қарсы бағытталған лаңкестік әрекеттері. Мұндай әрекеттер тікелей және жанама болып бөлінеді. Тікелей әрекет ашық түрде қарулы күшті пайдалану (соғыс, қарулы көтеріліс, лаңкестік, т.б) арқылы іске асады. Жанама әрекетке қарулы күштің орнына әртүрлі диверсия, психологиялық қысым, экономикалық шектеу тәсілдері қолдануда. Мысалы, «Иегова куәгерлері»  мемлекетіміздің Гимнін орындаудан бас тартып, Ата Заңымызды құрметтемеуге, Отанды құрметтемеуге үгіттейді. «Хизбут-Тахрир» экстремисттік ұйымының ұғымы бойынша Ислам дінінде басшыларды сайлау болмауы керек, түрлі мәдени іс-әрекеттерді  жоққа шығарады, мұсылман адам басқа адамдардың түсінігімен ешқандай байланысы болмау керек деп айтады.  Мақсаты, дүние жүзінде біртұтас Ислам мемлекетін құру. «Хизбут-Тахрир» партиясының  ұстанған жолы біздің еліміздің егемендігіне қауіпті, оларға мемлекет тарапынан тиым салынған. Қазіргі уақытта 16 діни ағымдарға мемлекет тарапынан тиым салынған. 

 

«Бейбарыс» экстремисттік ұйымы - «Әл-Каида»  деген ұйымның бір бөлігі. «Әл-Каида» ұйымының мақсаты - бүкіл әлемге «мұсылман мемлекетін» құру. «Әл-Каида» Ауғанстан мен Пәкістанның ортасында құрылған.  Біздің 200 жерлесіміз осы «Әл-Каида» мектебінен тәлім алып, «Бейбарыс» экстремисттік ұйымын құрған. Олардың біразы ұсталды», - деген мәліметтерді атап өтті.


Төрағалық етуші Талас ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бастығы Ж.Б.Жақсылық  кездесуді қорытындылай келе, жастардың осындай өзекті мәселеге немқұрайлылық танытпай, атсалысып отырғаны жөн екенін, осындай теріс ағымдағы дінде жүрген бауырларымыз болса, ақылын айтуы керектігін айтты.

Н.Алиев,
 Талас ауданының бас имамы.              

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: