Қасиетті жұма күні Жамбыл облысының өкіл имамы Жұмабаев Данияр Әллимұхамедұлы Жамбыл ауданы Аса ауылындағы «Бәйдібек» мешітіне жиналған жамағатпен жүздесті.
Жұма намазынан бұрын жұртшылықпен әңгімелесіп, пікір алмасып, дін жайында мол мағлұматтар айта келе, әркімнің таңдау құқығы бар екендігін, дінді таңдауға өте үлкен жауапкершілікпен қарау керектігін айтты. «Өйткені адамның өмірлік салты, тұрмысы, көп жағдайда бүкіл өмірі соған байланысты. Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазхабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін - Ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал» - деп қорытты өз сөзін облыс имамы.
Сөзінің соңында Алла үйіне еліміздің тыныштығы үшін дұға тілеп келген жамағатқа алғысын білдірді.
Бұдан кейін жамағатпен бірге жұма намазы оқылды.
Арнұр Көбейханұлы,
Жамбыл ауданы әкімдігінің
ішкі саясат бөлімінің бас маманы.