Көктемнің алғашқы күнінде күндердің сұлтаны жұма күні Қордай ауданының бас имамы Ә.Шалбай Сортөбе ауылына жол тартты. Бұл ауылда негізінде дүнген бауырлар шоғырланған, Қордай ауданы бойынша тұрғындар саны бойынша ірі елді мекендердің қатарына жатады. Осы ауылда 13 мұсылман мешіті тіркелген.
Бас имам осы ауылда орналасқан «Али Муртаза» мешітіне ат басын тіреді. Оның себебі аталмыш мешіттің жамағаты мен имамы арасында болып жатқан келіспеушіліктер жайлы мағлұматтарды анықтау. Бас имамды мешіттің наиб имамы, ауыл ақсақалдары күтіп алды. Ә.Шалбай ауыл ақсақалдарымен дидарласып, болып жатқан мән-жайды анықтады. Кейіннен жұма уағызына шығып бүлік шығару жайлы, ел тұтастығы жайлы, мұсылман мұсылманның бауыры екендігі туралы әсерлі де, насихаты мол уағыз айтты. Кейіннен жиналған жамағатқа имамдық етіп жұма намазының хұтпасысын оқып, жұма намазын өткізді. Жұма намазына оқып болғаннан кейін әдеттегідей ел тұтастығына, Елбасының амандығына және еліміздің өркендеуіне Жаратқаннан дұға жасады.
Намаздан кейін ауданның бас имамы жиналған жамағатпен отырып, елдегі маңызды оқиғаларды айтып, жаңа бас муфтидің сайланғанын айтып, аудандағы жаңалықтардан хабардар етті. Жамағаттан аталмыш мешіт имамы Ихия Мухамед Дыбоевичтың қызметі жайлы сұрап, оның іс әрекеттері жайлы ақпарат беруді өтінді. Жамағат тарапынанда жиналысқа белсенді ат салысқандар көп болды. Олар өздерін мазалап жүрген сұрақтарын қойды. Мысал келтірсек мешіт имамының қызметіне не жатады, имамды кім тағайындайды, т.б сұрақтар қойылды. Бас имам өз кезегінде имамдарды тағайындау жолын түсіндіріп, олардың денсаулық жағдайынан бастап ең бастысы білім деңгейі ҚМДБ жанындағы арнайы комиссия тексеретіндігін айтып, имамның негізгі қызметтік міндеттеріне жеке тоқталды.
Осы да басқа сұрақтарға ауданның бас имамы Ә.Шалбай Құран мен хадистен дәйекті дәлелдер келтіре отырып, түсіндіріп жамағат көңілінен шықты. Жамағатқа бүліктің барлығы кішкентай бір түсініспеушіліктен басталатынын түсіндіре келе, ел бірлігіне, ел тыныштығын сақтауға шақырды. Ел бірлігін сақтау жолындағы Елбасы Н.Ә Назарбаевтың еңбегін атап көрсетіп, басқа елдердегі орын алып жатқан алауыздықтың зардаптарын мысалға келтірді. Сондықтан тыныштық пен қауіпсіздіктің қадірін сақтауға шақырып, басшыға бағыну керектігін қасиетті Құран Кәрімдегі «Аллаға, оның елшісіне және өз араларыңнан шыққан әмірлерге бағыныңдар» деген аятымен толықтырды. Жамағат көңілі орнығып, ауданның бас имамына алғыстарын білдіріп, ризашылығын танытып, шығарып салды.
Дәуренбек Жандосұлы,
«Қордай» аудандық мешітінің баспасөз қызметі.