ҚМДБ құрылтайы: жаңа мүфти сайланды.

ҚМДБ құрылтайы: жаңа мүфти сайланды.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бүгін Астанадағы Назарбаев орталығында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кезектен тыс VII құрылтайы өтті.

Алқалы жиынға ҚМДБ-ның төралқа мүшелері, аппарат қызметкерлері, облыстар мен өңірлердегі өкіл имамдары, ақылдастар алқасы, Ғұламалар кеңесінің мүшелері, дінтанушылар, зиялы қауым өкілдері, бас-аяғы 170-тен астам делегат қатысты.

 

Құрылтай Қасиетті Құран аятымен ашылып, Бас мүфти бата жасады. ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф дін саласында алда атқарылар іс-шаралар жоспарларымен таныстыра келе, құрылтай жұмысына сәттілік тіледі. Одан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі сөз алып, 2000-2013 жылдар аралығында атқарылған игі іс шаралардың бір парасына тоқталды.

 

«Өздеріңізге белгілі, 13 жылда дін саласында бірқатар ізгі істер жүзеге асты. Халықтың діни сауаты артты. Мешіттер еңсе көтерді. Діни оқу орындары мен медреселер ашылып, ел игілігі жолында қызмет етуде. Діни басқарма халықтың бірлігі мен ынтымағының нығаюына үлкен үлес қосты.

 

Баршаңызға мәлім, Қасиетті Құранның 719 жерінде білім-ғылым жайлы баяндалған. Мен әуелде Бас мүфти лауазымына дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қызмет еттім. Қалған күш-қайратымды білім-ғылым саласына жұмсасам деген ойымды Елбасына жеткіздім. Нұрағаң, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл ойымды құптап, Дінбасының және діни басқарманың атқарған іс-шараларына алғысын білдіріп, рахметін айтты. Тәуелсіз Қазақстанның рухани дамуына, халқымыздың бірлігі мен ынтымағына қызмет еткенім үшін өзімді бақытты санаймын. Алла баршаңызға разы болсын!» - деді Дінбасы.

 

Дінбасыдан кейін ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, «Хазрет Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлына сөз берілді. Ол ҚМДБ төрағасы, Ақылдастар алқасы, Ғұламалар кеңесі, Қажылар қауымдастығының үндеуін оқып берді. Онда Дінбасы мен діни басқарманың ел игілі жолында жасаған жұмыстары, дін саласындағы түрлі бағыттар бойынша атқарылған сауапты һәм ізгі істер баяндалған. Сонымен қатар Бас мүфти жайлы зиялы қауым өкілдерінің пікірлері берілген.

 

ҚМДБ ақылдастар алқасының мүшесі, академик Сұлтан Сартаев жарыссөзге шығып, былай деді:

«Әбекең, Әбсаттар қажы Дербісәлі қызметке кіріскен сәттен бастап 13 жыл ішінде барлық ауыл, аудан, қала, облыстарды аралап, мешіттердің жай-күйімен танысып шықты. Әлі күнге дейін хабар алып тұрады. Еліміздегі 2300-ден астам мешіттердің жағдайы Әбекеңе мәлім. Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің ізі қалмаған мешіт жоқ десем, артық айтқаным емес. Себебі, Ислам дінінде мешіттің орны ерекше. Мұсылман білімді де мешіттен алады, құлшылықты да Алла үйінде жасайды. Ғибадатханада уағыз да айтылады. Айта берсек, мешіттің артықшылығы көп.

 

Әбекең ғалым адам. Өмір болған соң, сапарлас болып тұрамыз. Көрген-білгендерін, ойға түйгендерін қағазға түсіріп жүреді. Ұшақта отырғанда уақытын босқа кетірмей, сапардан алған әсерлерін жазып-сызады. Қайда барса да сөмкесінен кітаптарын тастамай, ел-жұртқа насихаттап жүреді.

 

Халыққа қызмет ету - абыройлы, жауапты һәм сауапты жұмыс. Басшы болған соң, аяқтан шалулар, көреалмаушылықтар болады. Әбекең соның бәріне мойымай, біреулердің арандатуына жол бермей, жұмыс істей берді. Міне, игі де ізгі жұмыстардың нәтижесін бүгінде бәріміз көріп отырмыз. Дінбасы қайда болса да, Алланың қалауымен ана сүтімен дарыған парасаттылығымен, даналығымен, көпшілдігімен, ақкөңілділігімен кез-келген ортаға сыйысып, нәтижелі жұмыс жасай береріне мен кәміл сенемін. Алла Тағала Дінбасымызға денсаулық берсін. Бұдан да биік деңгейлерден көріне беруіне тілектеспіз. Бас мүфтиге рахметімді айтамын. Алла разы болсын!»

 

Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі Сенат депутаты Ғарифолла Есімге сөз берді. «Мен Дінбасының жұмысына ризамын. Ендігі мақсат - Бас мүфти атқарған ізгі істерін ары қарай жалғастыру. Дін - нәзік дүние. Дінде шектен шығуға, астамшылық жасауға болмайды. Құдайға шүкір, халқымыз қазір иманға ұйысып келеді», - деді Сенат депутаты Ғарифолла Есім.

ҚМДБ Діни істер бөлімінің меңгерушісі Құлмұхаммед Маханбет мінберге шығып, Бас мүфтидің бастамалары мен игі істерін сөз етті. Қ.Маханбет былай деді: «Мен Дінбасымен бірнеше жылдан бері қызмет етіп келе жатқан жанмын. Хазретіміз жұмыс барысында елді адастырып жүрген діни ағымдардың жұмысына қатты алаңдайтын. Аллаға шүкір, бүгінде арнайы заң қабылданып, олардың теріс пиғылына тосқауыл қойылды. Мысықтілеулі қаншама сайттар жабылды. Сауапты іске мұрындық болған Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф ағамызға Алла разы болсын!

 

Бас мүфти ғылым-білім саласына ауысып жатыр. Дінбасымыз бұл салада да жемісті және абыройлы қызмет етеріне сенеміз».

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы Әбдімүтәліп Дәуренбеков Бас мүфтидің дінге қызмет, қамқорлығы мен жанашырлығын тілге тиек етті. Бүкіл имам-молдалардың атынан алғыс жариялап, рахметін жеткізді.

 

ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл имамы Серік Ораз делегация мүшелеріне ҚМДБ-ның Семей облысы бойынша өкіл имамы Ержан Маямеровты Бас мүфти лауазымына үміткер ретінде ұсыныс жасады. Құрылтайға жиналғандар Серік Ораздың ұсынысын бірауыздан қолдап, дауыс берді. Құрылтай жұмысына қатысушылардың келісімімен Ержан Малғажыұлы Маямеров Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағалығына ұсынылды.

 

Ержан Малғажыұлы мінберге шығып былай деді: «Дінге қызмет сауапты да, жауапты қызмет. Семей өңірінің ақсақалдары білімім мен тәжірибемді осы аймақтың рухани дамуына, елдің бірлігі мен ынтымағына үлес қосуды аманат еткен еді. Осы аманатты арқалап, Мысыр елінде біраз жыл білім алдым. Ілімімді жетілдіріп келген соң, бұл ойымды Дінбасына жеткіздім. Ол кісі бұл ниетімді құп алып, келісімін берді. Бас мүфтиге Алла разы болсын.

 

Баршаңызды, дін қызметкерлерін, имам-молдаларды бір мақсатқа, елдің игілігі мен ынтымағына, дін насихатына жұмыла жұмыс істеуге шақырамын. Алла баршаңызға разы болсын!».

Ержан Маямеров өзінің орынбасарлары, яғни наиб мүфти лауазымына Қайрат Жолдыбайұлын, Серік Оразды ұсынды. Делегация мүшелері оның бұл ұсынысына бірауыздан қолдау білдіріп, дауыс берді. Ал Мұхаммед Хусейн Алсабеков қоғамдық негізде наиб мүфти қызметін атқаратын болады.    

 

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігінің кезектен тыс VII құрылтайы қаулы қабылдады. Оны Қазақстан қажылар қауымдастығының төрағасы Еркін қажы Дуанабаев оқып берді. Онда:

І. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігінің төрағасы, Бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің 2000-2013 жылдары арасындағы атқарған жұмыстарының Есебі қанағаттанарлық деп бағаланып, құрылтай атынан алғыс жариялансын;

 

ІІ. «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігінің төрағасы, Бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің ғылыми-педагогикалық қызметке ауысуына байланысты Бас мүфти қызметінен босату туралы өтініші қанағаттандырылсын;

 

 ІІІ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық      ислами діни бірлестігінің төрағасы, Бас мүфти қызметіне Шығыс Қазақстан облысы Семей аймағының Бас имамы Ержан Маямеров сайлансын;

 

 IV. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігінің Жарғысына сәйкес өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, Әділет министрлігінен қайта тіркеуден өткізу ұсынылсын, - делінген.

Имам-молдалар Әбсаттар қажы Дербісәлінің 13 жылда атқарған жұмысына оң бағасын беріп, алғыс айтты. Құрылтайға қатысушылар Дінбасынның еткен ерен еңбегін ескере келе, сый ретінде автокөлік кілтін табыстауға бірауыздан дауыс берді.

 

 

Ержан Маямеров Малғажұлы 1972 жылы туған. 1991-1993 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген соң, сол жылы Мысырдағы Әл-Азһар Ислам университетінің шариғат және заң факультетіне оқуға қабылданды. Аталған оқу орнын 2006 жылы тәмамдады. 2006-2008 жылдар аралығында Мысыр мүфтиятының пәтуа шығару бөлімінде білімін жетілдірді. 2011 жылы 10 қазанда Әбсаттар қажы Дербісәлі хазреттің ұйғарымымен, Ержан Малғажыұлы ҚМДБ-ның Семей өңіріндегі өкіл имамы болып тағайындалды. Үйленген. 3 баласы бар.    

 

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы

Астана қаласы, Назарбаев орталығы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: