Елбасы жолдауы талқыланды.

Елбасы жолдауы талқыланды.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Кеше аудан орталығындағы "Байзақ баба" мешiтiнде Жамбыл облыстық Дiн iстерi департаментiнiң мұрындық болуымен Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың биылғы халыққа Жолдауын талқылауға арналған алқалы жиын өттi.

 

Жиынды аудан әкiмiнiң орынбасары М.Демесинов ашты. Мұнан соң Жамбыл облысы Дiн iстерi департаментiнiң директоры С.Айдапкелов Елбасының  еңбегiнiң арқасында   1997 жылы  қабылданған «Қазақстан-2030» бағдарламасының орындалғанын, үшiншi онжылдықта өркениет көшiндегi жаңа Қазақстанда жүзеге асырылатын басым бағыттар, соның iшiнде «Қазақстандық патриотизм-бiздiң көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыздың табысының негiзi» атты тарауындағы басты мiндеттерге жан-жақты тоқталды.

 

Серғали Өмірзақұлы өзінің баяндамасында    тәуелсіздік алған жылдары  кездескен қиыншылықтарды Елбасының салиқалықпен жүргізген еңбегінің арқасында жеңіп, дамудың даңғыл  жолына түскендігімізді,  көпұлтты елімізде бірлік пен татулықтың салтанат құрып отырғандығын  әңгімеге арқау ете отырып, жаңа Қазақстандық патриотизм,  барлық этностар азаматтары құқықтарының теңдігі, қазақ тілі және тілдердің үштұғырлығы,  мәдениет, дәстүр және даралық, ұлттық интеллегенцияның  рөлі,  ХХI ғасырдағы Қазақстандағы дін мәселелеріне айрықша  мән берді.

 

- Дін-адамзат тарихымен бірге жасап келе жатқан, өлмейтін, көнермейтін, мәңгілікке жетелейтін қастерлі де қасиетті ұғым, бүкіл әлемге ортақ құндылық. Қазақ елі ондаған ғасыр бойы ислам дінін қабылдау арқылы осы өркениеттің ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінде  өзіндік тарихи, танымдық, дәстүрлі мұсылмандық түсінігі қалыптасқан қазақ елі исламдық ғылым мен өркениетке өзіндік үлес қосты. Елбасымыз: «Дініміз - ислам, кітабымыз - Құран, тегіміз - түрік» деген анықтамасында қазақ елі тарихи тұрғыдан Батыс пен Шығыстың, яғни ислам мен христиан әлемін жалғастырушы көпір қызметін атқарып келеді.

 

Көзі тірісінде «Исламның дәлелі» аталған ислам ғұламасы Имам Ғазали: «Нашар жүйенің өзі жүйесіздіктен және анархиядан жақсы. Биліктің міндеті дінді сақтау болса, дінді қорғаудың жолы биліктің, жүйенің нығаюы арқылы болады. Сондықтан, мемлекеттілікті сақтап, билікке мойынсұну керек» деп ХІ ғасырдың өзінде-ақ айтып кеткен еді. Ал, Құран Кәрімнің "Ниса" сүресінің 59-аятында: «Аллаға, пайғамбарға және билік құрғандарға (басшыларға) мойынсұнуды» бұйырады. Бұл ретте пайғамбарымыз да қоғам мен жамағатты бірлікке шақыра отырып, басшының төңірегіне топтасуды уағыздады, басшыға бағынудың маңыздылығын ескертті.  Осы жерде Қазақстан Республикасының Президенті - Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қоғамдағы жасампаздық пен келісім жағдайын және тұрақтылықты қамтамасыз ететін этностар мен діндердің өзара әрекеттесуінің тұрақты моделін қалыптастырып,  көп ұлтты Қазақстан мемлекетінде саяси тұрақтылықтың сақталуын, экономика мен әлеуметтік жағдайдың өсуін қамтамасыз ете білді.


«Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол - біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек. Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек. Біз өзін-өзі ұстаудың ерекше үлгілерін алуға тиіспіз. Мен жария етіп отырған стратегия біздің халқымызды орта ғасырларда емес, ХХІ ғасырда өмір сүруге дайындайды» - деген Елбасының сөзінде  үлкен мән жатыр. Қоғам өзгергенімен, ислам - үнемі жаңарып, жаңаланып отыратын дін. Діннің өзегі, иманның шарттары, сенім негіздері өзгермейді, жаңарып отыратын - исламның өмір салты. Мысалы иман, яғни сенім негіздері бір болғанымен адамзаттың өсуі мен өрісіне және дәуірлеріне сәйкес келген пайғамбарлар Алланың әмірі мен өмір салтын жаңарту арқылы дінді үздіксіз толықтырып отырған. Пайғамбарымыз  Мұхаммед  (с.ғ.с)  бірге дін кемеліне келді, бірақ дін тоқырауға ұшыраған жоқ.

 

ХХІ ғасырға иек артқан алмағайып тұста көптеген мұсылман елдері рухани және экономикалық дағдарысқа ұшырып, тығырыққа тірелген кезеңде Елбасы бұл мәселенің өзектілігіне тоқтап, ислам әлеміне түбегейлі шешімдер ұсынды. Өткен жылы Астанада өткен VІІ Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумында сөйлеген сөзінде Елбасы: «Исламның өзі дін ретінде ешқандай дағдарысқа түспейді. Қоғамды модернизациялау исламның өзінің негіздерін бұрмалау деген сөз емес. Ислам қоғамын модернизациялау қажеттігі айқын байқалып отыр. Бұл алдымен технологиялық, ғылыми және экономикалық дамуға байланысты», деп атап көрсетті.


Мұнымен қатар Елбасымыз жастардың ата  дінге адалдық таныту туралы өз Жолдауында: «Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек» - деп,  кертартпалықтың торына түспей, «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген»-деп, негізгі жүретін жолымыздың бағыт-бағдарын көрсетті.   Шындығында да  қоғамдағы саяси-әлеуметтік немесе дүниетанымдық  процестермен қатар, оның шығу  себептеріне ғаламдық деңгейдегі экономикалық, демографиялық, әлеуметтік проблемалардың зардаптарымен (нашақорлық, халықаралық қылмыс, жемқорлық және т.б) рухани жұтаңдық, адамның өміріне рухани тірек таппауы секілді факторлар дәстүрлі емес діни қозғалыстардың пайда болуының негізгі себептері болып табылады. Өкінішке орай, біздің қоғамда діннің хақ жолынан адасып, басқа діни ағымдармен христиан дінінің кейбір секталарына кіріп, мұсылман жұртшылығының салт-дәстүрін ұстамай, ата-аналарына теріс көзқарастар білдіріп жүрген жастар да кездеседі. Бұл жерде пайғамбарымыз Аллаһтың разылығы әке-шешенің разылығынан өтетінін мына бір хадистері арқылы баяндайды.  «Аллаһ тағаланың разылығы ата-ананың ризашылығында, Аллаһ тағаланың разы болмауы да - ата-ананың наразылығында» деп, ескертеді. Адам құқына ерекше көңіл бөлген ислам ата-анаға құрмет көрсетуді мойнымызға борыш етіп жазған. Тіпті, дінімізде ата-анамыз мұсылман болмаған жағдайда да оларға жақсылық жасау қажеттігі айтылады. Ата-анаға құрмет - тек ар-ождан  мәселесі емес, басқа  да парыздар сияқты ғибадат. Тіпті, Аллаһ жолында жиһад жасаудан да артық саналған.

 

Құран мен сүннетті әртүрлі тәпсірлеу (түсіндіру) әдістерінің негізінде VIII-IX ғасырларда мұсылман құқығы мектептері қалыптасты. Бұл мектептерді беделді теолог мамандар негіздеді. Төрт мазхаб та мұсылман шындығының түйіткілдерін әрқайсысы өзінше шешеді. Дегенмен де олар тең дәрежелі және бірін-бірі құқықтық тұрғыдан мойындайды. Жалпылай алғанда, суниттік исламда төрт мазхаб қызмет етеді - Ханафи мазхабы, Малики мазхабы, Шафиғи мазхабы, Ханбали мазхабы. Суниттік ілім мұсылманның осынау төрт құқықтық мектептің кез келгенін таңдауына кеңшілік береді.

 

Әбу Ханифа мазхабы - суннизмдегі басқа мазһабтарға қарағанда неғұрлым толерантты, қанағатшыл, жергілікті әдет-ғұрып, салт-сана заңдарымен, дәстүрлі нормаларымен санасатын бағыт. Ханафи мазхабының әдет-ғұрыпқа қатысты ұстанымдарының орны ерекше.
Ислами үкімдер шығаруда әдет-ғұрыптың маңыздылығы ханафилікте алғашқы орынға шыққан. Әбу Ханифаның Құранда және сүннетте, сахабалардың тәжірибесінде үлгісі табылмаған мәселелерде дінге қайшы келмейтін (сахих) әдет-ғұрыптарға діни пәтуа негіздерінен рөл беруі ислами үкім шығаруды жеңілдетумен бірге, мұсылмандық нормалардың дүниенің түрлі аймақтарына бейімделуін жеңілдетті. Бұл жолды тұтушылар Қазақстан, Орталық Азия, Еділ өзенімен шектес аймақтар, Түркия, Ауғанстан, Үндістан, Пәкістан, Қытай және тағы басқа елдерге тараған.

 

 Барлық төрт мазхабта құқық пен сенім мәселелері бойынша түрлі көзқарастарды ұстанғанымен, ата дінімізге деген адалдықты биік ұстаудың, жаһандану дәуіріндегі қатерлі сындарға тосқауыл  қоюдың маңызы зор,- дей отырып, Серғали Өмірзақұлы әртүрлі ағымдарға  түсінік берді.
Ол сонымен бірге  дінде зорлық жоқ екендігін, интернет пен жоғары технологиялар ғасырында ел бірлігін сақтау,  қоғамдағы  татулыққа сызат түсірмеу, ислам дінінің құндылықтарын қастерлеу, өлкемізде қанша діни бірлестіктер тіркелгенін, олардың қаншасы дәстүрлі дінімізге сәйкес, қаншасы басқа дін өкілдері екенін, жат пиғылды діни секталарға тосқауыл  қою, жастардың діни сауатын  көтеру, халықтың рухани болмысы - тілі мен дінін дамыту, "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" ҚР Заңы негізінде атқарылған жұмыстар төңірегінде  жан-жақты мағлұмат  берді.

 

-Қазақстан халқының алдында тұрған басты міндет - дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Президент "ХХІ ғасыр - біздің халқымыз үшін алтын ғасыр болады" деп бекерге айтқан жоқ. Жолдауда мемлекеттің тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктеріне, қазіргі жағдайына терең талдау жасалды. Ендігі мақсат стратегиядағы міндеттерді жүзеге асыру, - деп сөзін түйіндеді С.Айдапкелов.


 
Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Р. Шәметов  Жолдаудың жүктеп отырған міндеттерін орындау үлкен жауапкершілікті талап ететіндігін  әңгіме арқауы етті.
Жиын барысында жиналған көпшілік өздерін толғандырған сауалдарын ортаға салды. "Мешіттер білікті мамандармен қашан қамтылады?", "Имамдарға жалақы төлене ме?», "Мектептерде имандылық сабағын өткізу ісі  қолға алынса", "Салық басқармасы тарапынан салынған  айыппұлдарды төлеу міндетті ме?", "Имамдардың жамағатпен жұмысын зерделеу қажет" тәрізді сауалдарға тиісті жауаптар беріліп, құнды ой-пікірлер айтылды.
Алқалы жиынға ауылдық округтердегі  ардагерлер кеңесінің төрағалары мен имамдар, жастар, ауыл қариялары қатысты.

 

 Елбасы Жолдауындағы  басты бағыттар сөз болған жиында көтерілген мәселе бойынша "Әбдікәрім" мешітінің имамы Лесбек  қажы Қалабаев былай дейді:- Ислам діні-тазалық пен ізгіліктің, адамгершілік қасиеттерді биік қоятын дін. Демек сүйікті пайғамбарымыздың бізге қалдырған мұрасы - асыл дінімізді сыйлап, қастерлеудің бүгінгі таңда маңызы зор. Еліміз үшін жаңа даму стратегиясы болып саналатын Елбасының биылғы Жолдауының саяси-экономикалық және әлеуметтік маңызы мен саяси сипаты жөнінде облыстық Дін істері департаментінің  директоры С.Айдапкелов  кең көлемде баяндама жасап, ислам дінінің адамзат өмірінде алатын орнына, бүгінгі имамдарға жүктеліп отырған міндеттерді саралады. Жаңа қазақстандық патриотизмге ерекше назар аударды, ел игілігі үшін аянбай еңбек ету қажеттігін айтты.  Елімізде бірнеше ұлт пен ұлыс тату-тәтті  тұрады, діни конфессиялар жұмыс жасауда. Елбасының көрегенділікпен  жүргізіп  отырған  саясатының арқасында өзге ұлт өкілдерінің діні мен тілін дамытуға барлық жағдай жасалған. Сондықтан жаһандану заманында  ерекше байлығы - тілімізді, дінімізді қастерлеп қана қоймай, жастардың ата дін жолынан адаспай, нық ұстануы жолында  жүйелі жұмыс жасауымыз қажет деп білемін десе, "Байзақ баба" мешітінің бас имамының міндетін атқарушы  Рәмиз қажы  Азизов  өз ойын былайша өрбітті

.

-"Қазақстан-2050" стратегиялық бағдарламасында Президент 2050 жылға қарай қуатты мемлекеттің, дамыған экономиканың және Жалпыға ортақ еңбектің арқасында берекелі қоғам құруды басты мақсат етіп қойды. Мұнымен қатар Елбасымыз  Жолдауында бүгінгі тіл мен дін істеріне арнайы тоқтап, халықтың рухани болмысы тілі мен дінін дамыту жолдарын  айқындап, оның болашақ бағытын нақтылап өтті. Діни бағытымызды айқындап берген Жолдау жолдары дін қызметкерлерін жігерлендіріп қана қоймай,   жұмыстарына жаңаша серпін беріп отыр.

 

Г. Әбдіқұлова.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: