«Мәуліт» араб тіліндегі «уәләдә» түбірінен туындаған сөз. Мағынасы «туылған жер, туылған уақыт, туған күн» дегенді білдіреді. Мұсылман жұртшылығы «мәуліт» сөзін Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) туған күні ұғымында қолданады.
Өңірімізде және еліміздің барлық өңірлерінде аталып өтіп жатқан Мәуліт мерекесіне «Һибатулла Тарази» мешіті жанынан ашылған қыздар сауат ашу курсының шәкірттері де өз үлестерін қосып «Мумина» атты концерттік бағдарлама өткізді.
Кеште «Пайғамбарға салауат айтудың пайдасы» атты бейнеролик көрсетілді, діни көріністер қойылып, әндер шырқалды және ардақты Елші, тәлімі мінсіз тәлімгер Мұхаммед (с.а.у.) Пайғамбарға салауат айтылды. Шәкірттер арасында мақал-мәтел жарысы да өткізілді.
Біраз уақыттан бері шәкірттерге тәлім беріп жүрген З.Үсенова, З.Шадиева, К.Мырзабаева ұстаздарға сөз кезегі беріліп, шәкірттер тарапынан сый-сияпаттар жасалды. Мұғалімнің орны да бөлек, еңбегі де ерек қоғамда. «Бір әріп үйреткенге, қырық жыл сәлем бер», деген. Ұстаз бір қазына, одан қанша пайдалансаң да өзің білесің деген ұлағатты сөз де ұстаздардың дәрежесі мен білімділігін аңғартса керек.
Жайылған дастарханнан дәм тата отырып, қызықты кешті тамашалаған нәзік жандылар қауымы ұстаздарын ұмытпай, ұлықтай жүрген шәкірттердің ұйымдастырған бұл концерттік бағдарламасына дән риза болды.
Лаура Алмаханова.