Үстіміздегі жылдың 29 қаңтары күні күндізгі сағат бірлер шамасында «SCAT» әуекомпаниясының «Көкшетау-Алматы» бағытындағы №760 авиарейсін орындаушы «Challenger-200» ұшағының Алматы қаласының әуежайына шамамен бес шақырым жетпей, Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Қызылту кентінің маңында апатқа ұшырауы қалың жұрттың қабырғасын қайыстырып кетті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ұшақ апатының салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты елімізде ұлттық аза тұту жарияланып, қазақ елі қара жамылды.
Жолаушылар ұшағында болып қаза болған бауырларымызға арналған аза білдіру күніне орай орталық мешітте ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілдігі «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб-имамы Аманбаев Ержан Елбасының тапсырмасы бойынша апат салдарынан көз жұмған жерлестеріміздің рухына арнап жамағатпен бірге құран оқып, дұға бағыштады.
Қаза болғандардың отбасына, туыс-туғандарына, жанашыр жақындарына, қызметтестеріне мешіт жамағаты атынан қайғысына ортақтасып көңіл айта отырып, сабырлылық тілейміз. Еліміздің бүгіні мен ертеңіне «Санаулы қысқа ғұмырында өлшеусіз еңбек етіп, Отанының дамуы мен алға басуына өз күштерін аямай жұмсаған жандардың жанұяларына Алла тағала сабырлылық берсін. Әрбір Отандасымыздың қуанышы мен сүйініші, қайғысы мен мұңы бәрімізге ортақ. Қақаған қаңтардың аязымен бірге қабырғамызды қайыстырған қайғыны барлығымызға ортақ деп білеміз. Алла сынығымызды жеңіл, мәртебемізді биік, іргемізді тыныш қылсын.
«Һибатулла Тарази»
мешітінің баспасөз қызметі.