Мәуліт - араб сөзі, қазақ тілінде "туған күн" деген мағына береді. Бұл АллаҺ тағаланың ең сүйікті пендесі, Адам атадан (ғ.с.) басталған пайғамбарлардың соңғысы, әрі сардары хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүниеге келген айына атау етіп қойылған сөз.
Әдеттегідей биыл да әлемнің көптеген елдері хазреті Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мәулітін атап өтпек, бұл дәстүр қазақ елінде де кеңінен таралған. Осы үрдістен қалмай қаңтар айының 26-сі аудандық орталық «Қордай» мешітінің ұйымдастыруымен аудандың мәдениет үйінде "Қош келдің Мәуліт!" атты жиын өтті.Осы шараға ерекше көп болып Қордай, Өтеген,Қарасай, Масаншы,Қасық Алға ауылының мұсылмандар жамағаты, ақсақалдар, аудан бойынша мешіт қызметкерлері, аудандық мекемелер мен ұйымдар басшылары, қарапайым халық келді. Салтанатты жиын басталмас бұрын мешіт қызметкерлері келген халыққа ҚМДБ сараптамасынан өткен кітәптар мен дискілер таратты. Кішігірім кітәп жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Кешті Шымкент қаласынан келген «Асыл Мұра» театрының әртістері бар ынта-жігерлерімен, бар өнерін сала отыра тамаша түрде өткізді.Кеш АллаҺ тағаланың қасиетті кітәбі, барша мұсылмандарға қымбат, жүректерді жұмсартатын, ләззантандыратын Құран оқумен ашылды. «Асыл арна» ислами ағартушылық телеканалының «Мұхаммад соңғы пайғамбар» атты бейне фильмі көрсетіліп, ол фильмде пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өнегелі өмірінен үзінділер келтірілді. Ашылу салтанатында ауданның бас имамы Ә.Шалбай пайғамбарымыз (с.ғ.с) салауат айтуының артықшылығы жайлы сөз қозғап, әлемде белгілі қоғам, ғылым, білім қайраткерлерінің сөздері келтірілді.
Қордай ауданының мәслихат хатшысы Б.Әлімбет мұсылмандарды осы мерекемен құттықтай келе мәуліт мерекесінің маңыздылығын тілге тиек етіп, пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с) өмір баянынан үзінділер келтіріп қонақтардың көңілінен шықты. Кеш пайғамбармызға (с.ғ.с) салауат оқылуымен жалғасын тапты, бүкіл зал тұрып тұрып «Аллаһумма солли ғала Мұхаммад» деп асыл пайғамбарымызға салауат айтты. Кеш діни өлеңдермен, ана тіліміздегі «Жүрек Аллаһ» атты әсерлі де әсем әндермен безендіріле түсті. Театр қызметкерлерінің «Мүмкіндік» атты монологы бұл өмірдің жалған екендігі, бұл өмірдің ақырғы өмірдің жақсы болуына себеп болатын мүмкіндік екені, осындай мүмкіндікті текке жібермеу жайлы ойды қозғап, жиналған халық еріксіз жас төкті.
Қордай жерінің тумасы, елге танымал ақын Күміскүл Егіншіқызының енді жазылған «Не пайда?» термесі қоғамда орын алған келеңсіз жағдайларды, ұлт болашағы, бала тәрбиесі, ең бастысы бір Аллаға сыйыну жайлы өлең жолдары жиналған қауымның көңілінен шығып, ілтипатпен қарсы алынды. Кеш «Зікруллаһ» атты әнді салумен салтаннатты түрде жабылды. Аталмыш мерекеге орай Аудан әкімі Болатбек Байқонысұлы Байтөленің демеушілігімен, «Қордай» мешітінің қызметкерлері мен жамағатының ұйымдастыруымен Астана мейрамханасында дастархан жайылып сол жерде жалғасын тапты. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып осы салтанатты шараға қатысушыларға, демеушілерге алғысымызды айтып, Аллаһ сіздерге екі дүниенің бақытын берсін деп дұға етеміз!
Қордай аудандық мешітінің баспасөз қызметі