«Қазақстан-2050» Стратегиясы. Ақиқат жолынан адаспайық!

«Қазақстан-2050» Стратегиясы. Ақиқат жолынан адаспайық!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қашанда қазақ баласы аталы сөзге тоқтаған. Барды бардай, жоғын жоқтай айта да білген. Бабалар сөзімен айтсақ: «Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз», - деуі қазақ халқының ежелден-ақ намысшыл, қайсар, қонақшыл екендігін айғақтаса керек.
Міне, сол ата дәстүрін жалғастырып, ата аманатын арқалаған Елбасымыздың сара саясаты, салиқалы сөзінен кейін өңірге рең кіріп, өмірімізге оң өзгерістер еніп отыр. Еліміз жылдан жылға көркейіп, дамып келеді.
Оған мысалды өткен шақтардан іздемей-ақ, бүгінгі болмысымыздан анық байқаймыз. Мемлекет басшысының 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында еліміздің ұзақ мерзімді бағыт-бағдары айқындалған.
Осы Жолдауды қолдап, оны халыққа жеткізу және түсіндіру мақсатымен Жалпақтөбе ауылына арнайы ат басын бұрған Жамбыл облысы Дін істері департаментінің директоры Серғали Өмірзақұлы Айдапкелов «Тұрғани» мешітінде аудан аумағындағы ауыл имамдары және имандылық жолында жүрген жамағатпен кездесті.
Кездесу барысында Серғали Өмірзақұлы Жолдаудың әр тармағына жеке-жеке тоқталып, алтыншы бөлімде көрсетілген «ХХІ ғасырдағы Қазақстандағы дін» туралы тармағының мәніне терең үңілді. «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр... Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін - ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал» - деген Елбасының сөзін әңгімесіне арқау етіп, осы жолда елімізде, облысымызда атқарылып жатқан игі істерді тілге тиек етті. Дәлелді мысалдар келтірді. Қойылған сауалдарға нақты жауаптар қайтарды. Ауыл имамдарын ауызбіршілікке, ынтымаққа шақырды.


Басқосуға жиналған жамағат Ислам дінін, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстану керектігін, Елбасы Жолдауының пәрменділігін ауыл жастарына, мектеп оқушыларына жеткізіп түсіндіруге пәтуаласты.


Бұл пәтуаласудан Елбасының осы Жолдауда алдыңғы толқын аға буынға арналған «Сіздердің көрегендіктеріңіз бен өмірлік тәжірибелеріңіз кейінгі буынның ақиқат жолынан адаспай, алға басуына септігін тигізеді» - деген сындарлы сөзінен тұжырымдалған перзенттік пайым деп ұғындық.


Ауыл мешітінде өткен бұл жиынға аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің  бастығы Жеңіс Сариев, аудандық «Бәйдібек» мешітінің бас имамы Ғайырфулла Әмірбеков, Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнген мәдени орталықтары қауымдастығының вице-президенті Идрис Юнусов, облыстық «Гуонлен» жастар орталығының директоры Рашид Бакиров, Полатқосшы ауылдық округінің әкімі Нуридин Маюфи қатысып отырды.

Дүйсенбек Орманов,

«Шұғыла».

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: