Нұғман ибн Сәбитті халық өз дәуірінің ең үлкен имамы болғандықтан, «Имам Ағзам» деп атап кеткен. Ол ақылды, парасатты, кемел ойдың иесі еді. Терең білімі мен тақуалығы жан дүниесін байытып, айналасына сәуле шашқан шамшырақтай болатын. Жан-жақтан шәкірттер ағылып келіп, ұлы ғалымнан сабақ алуға тырысатын. Атағы мен абыройы мұсылман елдердің бәріне тарап, сол кезеңнің үлкен ғалымдары да оның білімін мойындап жатты. Бір күні халық «Осыншалық білімге қалай қол жеткіздіңіз?», - деп сұрағанда, Имам Ағзам былай деп жауап берген екен:
«Төрт нәрсе арқылы: әуелі кездескен қиындықтарға есекше шыдамдылық таныттым; ғалымдардың артынан бір елі қалмай итше ерумен болдым; мысықтар секілді білім табалдырығының айналасынан шықпадым; соңғысы таңға дейін қарғаларша көз ілмедім». Атақты имам жауабында бір жағынан терең білімге қалай қол жеткізгенін айтса, екінші жағынан өзін осы жануарларға теңеп, қарапайымдылығын көрсеткен еді.
Иә, білімге қол жеткізу үшін өте маңызды төрт мәселе керек-ақ: сабыр, білімділерге үйірсектік, қарапайымдылық және аз ұйықтау. Балаларымызды білімді де парасаты мол етіп тәрбиелеу үшін жоғарыдағы асыл қасиеттерді олардың бойына сіңірген абзал.