Қақаған қыстың аязымен бірге, көңілімізге тағы да бір суық түсті. Ол болса бауырларымыздың ұшақ апатынан қаза болуы. «Тумақ сүннет, өлу парыз», сол өлім ертелі кеш бар адамның басына келетіні шындық. Қамшы сабындай қысқа ғұмырда халқына адал еңбек етіп, соңғы ұрпаққа жемісін қалдырған дарабоздар қаншама? «Отанді сүю иманнан» деген аталы сөзге тоқталсақ, ұлттың амандығын, елдің тыныштығын сақтауда ат үстінде ұйықтамай, тебінгісі терге шіріген, ұлтына қорған болатын азаматтарға қарата айтылған болса керек.
Сондай азаматтарымыздан мезгілсіз айырылып қаламыз деген кімнің ойында болды дерсіз, 25 желтоқсанда сағат 18:55 минут өткен кезде, Шымкент қаласының әуежайынан 20 шақырым жерде Астана-Шымкент рейсімен ұшып жүрген ҚР ҰҚК Шекара қызметінің ведомстволық ұшағы қонар алдында апатқа ұшырап, АН-72 әуе кемесінің бортында экипаждың 7 мүшесі, 20 әскери қызметші, соның ішінде ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының міндетін уақытша атқарушы, полковник Т.М.Стамбеков те болған. Осы апатта қазаға ұшыраған Отандастарымыздың отбасының қайғысына ортақтасып, қаза болғандардың отбасына және барлық туған- туыс, жекжаттарына көңіл айтамыз.
Жаратушы Алла, марқұмдардың жатқан жерін нұрландырып, қияметтегі амал дәптерлерін оңынан қылып, жәннатты несіп етсін!
Жанұясындағы артынан қалған жары мен балаларына Аллаһ салихалы болып ер жетуді нәсіп етсін!
ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі Д.Жұмабаев,
«Һибатулла Тарази» орталық мешітінің және
қала, аудан имамдары