Бас мүфти облыс әкімімен кездесті.

Бас мүфти облыс әкімімен кездесті.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Атырау облысына арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет бастаған дін сарапшылары мен теологтарды Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қабылдады. Жылы шырайлы жүздесуде өңірдегі діни ахуал жайы және қызметіне енді кіріскен ҚМДБ «Зекет» қорының жұмысы сөз болды.


- Шақыруымызды қабыл алып, жаныңызға білімді теологтарды ертіп келгеніңіз үшін ризашылығымды білдіреміз. Сізбен соңғы рет 2008 жылдың қыркүйек айында Орал қаласында медресе ашу салтанатында кездескенбіз. Міне, сол кезде медресеге қабылданған түлектер биыл оқу бітіріп шықты.

 

Ал, біздің облыстағы діни ахуалдың жай-күйі сізге етене таныс. Тек діни басқарма қызметкерлері ғана емес, баршамызды теріс діни ағымның жетегіне кеткен жастардың жағдайы алаңдатып отыр. Қандай дін болмасын, барлығының түп негізі адамды адалдыққа, қайырымдылыққа, тазалыққа тәрбиелейді. Соның ішінде Ислам дінінде тән мен жан тазалығы жан-жақты қарастырылған. Осыған қарамастан кей алпауыт елдер саяси, әлеуметтік жағдайларға байланысты кезінде қолдан жасаған келеңсіздіктен бүгінде өздері зардап шегіп отыр. Осыдан жиырма жыл бұрын бір мемлекетте лаңкестік әрекет болыпты дегенді естісек, жағамызды ұстаушы едік. Бүгінде мұның барлығы біздің елімізге де келіп жетті, - деді Атырау облысының әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы. Аймақ басшысының айтуынша, облыста бұрындары имамдардың нәтижелі жұмыс жасауына толыққанды жағдай жасалмаған. Дін қызметкерлерінің жалақысы, тұрғын үй мәселесі шешілмеген. «Аталмыш проблемаларды 2013 жылдан бастап толықтай шешкелі отырмыз. Имамдардың жалқысы «Зекет» қоры арқылы төленеді және қалада ғана емес, аудан имамдарының да баспана жайын, қызметтік көлігін шешуді қарастырамыз. Сонымен қатар, шектен шыққан діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсететін, кеңес беретін орталықтар ашу ойымызда бар», - деген облыс басшысы халқымыз болашақта тыныш та қауіпсіз өмір сүруі үшін Атырауға білімді де білікті теологтар қажеттігін баса айтты. 

 

Бұдан кейін сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет алдымен Әсима ана мен белгілі Мәдениет қайраткері Нариман Үлкенбайұылының қазасына қайғыра көңіл айтты.

 

- Атырау облысындағы діни мәселелерге көңіл бөліп, шешу жолдарын қарастырып жатқандығыңыз үшін ризамын. Егер біз кадрлар дайындау ісін тәуелсіздік алған жылдарда қолға алғанымызда, бүгінгідей теріс оқиғалармен бетпе-бет келмес едік. Десек те, бүгінде еліміз бойынша мемлекеттің көмегімен ашылған 9 медресе, бір университет жат ағымдарға қарсы елеулі жұмыс жасауда. Келесі жылы «Нұр» университетін атыраулық төрт шәкірт оқуын аяқтап, еліне келгелі отыр. Сондай-ақ онда 26 жерлестеріңіз білім алуда.

 

Жалпы айтқанда, жыл сайын 300 кадр дайындап шығарамыз. Оның өзі біздің өсіп келе жатқан жас мемлекетіміз үшін жеткіліксіз. Сол үшін де бізге уақыт керек, бастысы - олар жоғары білімді маман болып, еліміздің түкпір-түкпіріне жіберілген кезде біз қоғам арасындағы келеңсіз мәселелерді, күрмеулі сұрақтардың жауабын шешетін боламыз, - деген шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі республика бойынша діни қызметтің толықтай бақылауда тұрғандығынан хабардар етті және аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлына өзінің «Ислам - бейбітшілік және жасампаздық діні» атты жуырда жарыққа шыққан кітабын сыйға тартты.

 

 Облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов те Елбасының тапсырмасына орай аймақтағы діни мәселелерді түбегейлі шешуде заң аясында жүйелі әрі жемісті жұмыстар жасалатындығын, оған мемлекет тарапынан толық мүмкіндік пен қолдау көрсетілетінін жеткізді. «Біздің елімізге теріс, жат іс-әрекеттердің барлығы сырттан, шет мемлекеттерден келді. Сондықтан, солардың тәжірибесіне сүйеніп, бұл мәселеге тезірек кіріспесек, осыған дейін жасаған жұмыстарымыз зая кетіп, адамдардың күнделікті жұмысына зияны тиюі мүмкін. Сол үшін де барлығыңызды бірігіп қызмет етуге шақырамын», - деп қорытындылады кездесу соңын аймақ басшысы. 

 

Жүздесуде кадрлардың тәжірибе алмасу жайы да сөз болып, осы уақытқа дейін жүзеге асқан жүйелі іс жалғасын тауып, облысқа білікті де білімді бірнеше дінтанушыны келісім-шарт арқылы қызметке алу және ақпараттық-насихаттық топтардың жиі келу мәселелері талқыланды. Облыс басшысы бұл жұмыстардың алдымен қоғам үшін аса маңызды екендігін баса айтып, теологтардың әлеуметтік жағдайының қадағалауда болатындығын, мемлекет тарапынан қолдау мен көмек жасалатындығын мәлім етті. 

 

 

 

 

 


ҚМДБ-ның баспасөз қызметі

muftyat.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: