Бір қателікке бір емеурін.

Бір қателікке бір емеурін.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Тәуелсіздігімізді алып, ел іргесі бекіген осы бір тыныш заманға қарап, ұзақ ойланып көрсең, Алланың рахметіне мың шүкір деуден басқа ауызға сөз түспес. Қиын-қыстау соқтықпалы ауыр күндерде, Жаратушы бір Аллаға сенген баһадүр бабаларымыздың бізге қалдырған мұрасы мен аманаты орасан. Осы бір бақытты күннің қадіріне жетіп, жоқтан бар еткен Аллаға сеніп, иман келтіру барлығымызға парыз. Ата-дін деп түсіндірген бабаларымыздың ұстанған діні Исламды, тек тәуелсіздік алған кезден бастап, жоғалтқандарымызбен қайтадан қауышқан тұста жолықтық.

 

Және осы дініміздің өркендеп ұрпақ жүрегіне жол тартуы үшін, арнайы елімізде діни сауат ашу курстары мен медреселер ашылса, Елбасы Н. Назарбаевтың тіке өзі қолдауымен «Нұр-Мүбарәк» университеті салынып, елордамыз Астана төрінде зәулім ғимаратты екі бірдей мешіт бой көтерді. Бұл болса көреген басшы, іскер саясаткер Елбасымыздың дінге деген жанашырлығы мен елге деген құрметінің белгісі. «Сүннет салтымыз, хадис ғұрпымыз»,-деп ұстанған бабалармыздан қалған қыруар мұралармен жазба деректерде, дінімізге жат, шариғи үкімге қайшы ештеңелер таба алмайсыз. Міне, ойлап көріңіз ата-бабаларымыз қандай адал болғаны айтпасақта түсінікті.

 

Шариғи үкімді дала заңына енгізіп, жетімді жылатпай, жесірін қаңғытпаған да осы біздің аталарымыз. Баласына тал бесіктен тәрбиені имани тұрғыда рухани азық етіп сіңіріп, «Бұлай жасама, күнә болады.» деген тиымдармен ескертіп отырса, аналар жөргегіндегі баласын дәретсіз емізбеген. Ал бүгінгі таңда кешегі кеңестік кесірінен санасы әбден уланған бірер жарым аталарымыз болса, әлі де «Атаң маймыл болған»,-деп немересіне ертек айтып, той-томалағын арақ-шараппен өткізіп, Құдайды ұмытып, ішімдікпен құдасын сыйлап, Құрбан айт, Ораза айт, Мәуілтті өткізуге мұрсасы болмай, жаңа жылда шырша тойлауға қанжілік болатыны толғантады. Қала берді бүгінгі нарық заманында, әркім қалай жан бағып ақша тапсам дегендер бар, солардың ішінде кітап шығаруға әуестеніп «Атың шықпаса жер өрте»- дегендей, діни тақырыптағы кітаптар жазып жүргендер жоқ емес.

 

Оқып отырып запыран құсасың, не жазып не қойғанын өзі де білмейді. Бірдің басы, бірдің аяғы, ең қиыны Қасиетті Құранға өзгеріс жасағысы келетіндердің барлығы Алла сақтасын, Діни мағлұматы саяз адамдардың асыл дініміз туралы қалам тербеуі өкінішті-ақ. Қасиетті Тараз шаһарында бұрынғы ғасырларда діни білімі мол ұстаздар мен ғұламалардың көп шыққанын тарих парағын ашып оқысаңыз түсінесіз. Ал бүгінгі таңда елеулі еңбегімен ел ауызында жүрген ағаларымызда жоқ емес. Бұл да болса қасиеттің әлі де ортаймағаны.

 

Мақтай отырып және бір көкеміздің жіберген қателігіне куә болғанымызды жасыра алмаймыз. Қаламызда жарық көретін «Жамбыл-Тараз» газетінің бетінде, Тоқтасын Дүйсенбі есімді көкеміз бүй дейді. Айлардың сұлтаны болған Рамазан айында келетін Қадір түнін жоққа шығарып, былай жазыпты. «Қазіргі кезде Рамазан айының 27-ші түнін Қадір түні деп жүр. Бұл дінге енген жаңалық әрі өтірік, әрі қате түсінік. Жаңалық болатын себебі - бұл күнді күтіп алу туралы қасиетті Құранда айтпайды. Себебі, бұл дәлелденбейтін нәрсе. Егер ол дәлелденсе оны бүгін Қадір түні деп айтпай, бүгін қасиетті Құранның берілгеніне пәленше жыл толды деп айтулары тиіс»,- деп қайрады.


Алла сақтасын. Осындай қателікке бой алдырып көкемізге не жетпеді екен? Осы мақалаға өз тарапымыздан түсініктеме жасап, қасиетті Қадыр түні туралы дәлелдерді ретімен көрсетуді жөн санадық.


Ендеше,
Қадір түні қандай түн?


Қадір түнінің ерекшелігі бұл түні орындалған құлшылықтың жай уақыттардағы мың айлық ғибадатқа тең келетіндігін айтуға болады. Құранда Қадір түні жоқ деген сөзге, біз Құрандағы Қадір сүресінің ана тіліміздегі аударма мағынасын ұсынар болсақ. Бұл сүре бес аяттан тұрады. Онда:
«Шын мәнідене Біз (Құранды) Қадір түні түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан артық. Ол түні Алланың әмірімен барлық істі реттеу үшін періштелер және Рух (Жәбірейіл періште) түседі. Бұл түнде таң атқанша (Алла тағаланың) сәлемі жалғасады», - осылай десе,
Әбу Хұрайрадан жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с):«Түсімде қадір түні маған білдірілді. Бірақ жақындарымның біреуі мені оятқанда, жаңағы уақытты сол мезет ұмытып қалдым. Оны рамазанның соңғы он күнінің ішінен іздеңдер» деген.


Ал қадір түнінің артықшылғы жайында сөз қозғаған ғалымдардың айтуы бойынша белгілері төмендегідей;


1.Қадір түні өте тыныштық мамыражай күйде өтеді. Қатты ыстықта, суық та болмайды.
2. Қадір түнінен кейін таң атып, күн көкжиектен көтерілгенде аппақ болып, жарық сәулесі әдеттегідей бірден жайылмайды.


3. Ағаштар мен өсімдіктер барлық жаратылыс Жаратушыға сәжде етіп тұрғандай болатынын, ҚМДБ-ның төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің «Мүбәрак Рамазан» Алматы 2013 жыл. Кітабінің 65 бетінде анық көрсетілген.


 Міне енді жоғарда келтірген дәлелдерімізді көзқарақты оқырман сараптай жатар деген ойдамыз. Алланың қадір түнімен таласып, қадырымызды кетіріп бақыт таппаспыз. Әрқандай істі өз маманынан сұраған жөн болар. Көкеміздің діни сауатының қаншалықты екенін біз білмейміз. Алайда дін туралы қателік өткізсек, Алладан кешірім сұрайық. Бауырлардың өкпе реніші болмағай, біз ақиқатын айтуды дұрыс көрдік. Себебі онсызда қоғамда, асыл дінімізге топырақ шашып, ақиқатты көлегейлегісі келетін топтарда жоқ емес. Заңсыз жат ағымдардың тұзағынан жастарымызды құтқарып қалудың жолы, ынтмақпен іс жүргізіп, парасаттылықпен шешім жасауда. Дінді білсек қасиет, білмесек қасірет екенін ұғынатын кез жетті. Уақытымызды дау-шар, өсек ғайбатқа жұттырғаннан гөрі, білім алып, тіземізді бүгіп, шекемізді сәждеге апарып, ақиқатты танып Аллаға бас иейік, бұл күн бес күндік жалған екенін естен шығармайық ағайын.

ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі
«Һибатулла-Тарази» мешітінің Бас имамы, Жұмабаев Данияр

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: