Қадірлі де қасиетті болған Рамазан айының бірінші күні киелі Қордай жеріне бауырлас ел Біріккен Араб Әмірліктерінің «қызыл жарты ай» қоғамының Қазақстандағы өкілдері ат басын тіреді. Аудандық «Қордай» мешітімен «қызыл жарты ай» қоры 2002 жылдан бері бірге сауапты істерді іске асырып әріптестік құруда. Осы әріптестіктің негізін қалаған ауданымыздың бас имамы Ә.Шалбай мен қор жетекшісі Асим мырзаның қызметтері ерекше. Атап айтсақ қор Қордай ауданында жетім балаларға, көп балалы жанұларға, аз қамтылған отбасыларға және мүгедектерге жалпы саны 250 астам балаға ай сайын 7500 теңге құрайтын қаржылай көмек көрсетуде. Бұл сандар тек қана Қордай ауданы бойынша ғана. Осы жолы қор өкілдері Қордай аудынында тұратын аз қамтылған, көп балалы отбасылар мен мүгедектердің үйін Қордай ауданының бас имамы Ә.Шалбаймен бірлесе аралап, олардың тұрмыс тіршілігімен танысып, өтініштерін тыңдады.
Екі мүгедекке 18 000 теңге қаржылай көмек берсе, тұрмысы төмен отбасыларға «тойота» фирмасының көп салалы тігін машиналарын сыйға тартты. Келген қонақтарды Қордай ауданы әкімінің орынбасары Б.Жамангөзев қабылдап, сұхбаттасты. Өз сөзінде Б.Жамангөзөв мемлекет тарапынан мүгедектерге, аз қамтылған отбасыларға, көп балалы жанұяларға және т.б топтағы азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетілетінін айтып, қордың атқарып жатқан ісі «нұр үстіне нұр» болып сауапты іс екенін ескеріп өтіп, қор қызметкерлеріне алғысын білдіріп қор қызметіне табыс тілеп қонақтардың йығына қазақи құрмет көрсетіп шапан жапты. Өз тарапынан қор қызметкерлері де алғыстарын білдіріп бірлесе жұмыс істеуге әрдайым дайын екендіктерін жеткізді.
Дәуренбек Жандосұлы
аудандық «Қордай» мешітінің
баспасөз хатшысы





26 Қаңтар 2026
7 Шаабан 1447

