Ахмет Яссауи.

Ахмет Яссауи.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Хикметке талдау.
Бисмилләһир Рахманир Рахим
Ахмет Яссауи бабамыздың 69-хикметінде (кей нұсқасында 59-кихмет) мына төмендегі өлең жолдары кездеседі:
 «...Аллаһтың мақамы - ғажап  мақам дүр.
Ол мақамда ғашық құлдар серуен қылар.
.......................................................................
Ол мақамның Таухид деген дарағы бар,
Саясында ғашық құлдар Пырақ ұстар.
Әр бұтақтың мың жылдық өмірі бар,
Әр қайсысы өзін өзі мекен қылар.
Ол дарақтың миуасынан тартқан құлдар...»

 

Иә, Аллаһу Тағаланың пәндесіне берген мақамы (рухани деңгейі) әрқалай. Әрине, ең кемелденген рухани деңгей Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мақамы болмақ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Миғраж уақиғасында жеті қат көкке көтеріліп, әр аспаннан өзінен бұрын өткен пайғамбарларды көрген. Яғни, Жаратушы Ие оларға  Қиямет күніне дейінгі тұрағын рухани деңгейіне, дәрежесіне қарай анықтап, Берзақ кеңістігін серуендетіп қойған.

Барлық сахаба, уәлилер де «Көркем сөз» аталып кеткен Таухидтың (Ләә иләһә иллаллаһтың) нұрына шомылып, әр қандай мақамды (жетілу баспалтақтарын) басып өткен соң ғана рухани кемелдікке жете алған. Ахмет Яссауи (Аллаһ оған рахымды болсын) ақиқат іліміне жету үшін кемінде қырық мақамды (рухани деңгейді) басып өту керектігін айтады.


Аллаһу Тағала кітабі Құран-и Кәрімде: «(Мұхаммед с.ғ.с.) көрмейсің бе? Аллаһ қандай мысал берді: Көркем сөз («Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқ» деген сөз) тамыры мықты, бұтағы көктегі бір көркем ағаш тәрізді (24). Ол (ағаш) Аллаһтың бұйрығынша, әр уақыт жемісін береді», - деп мысалдағы ағаштың (дарақтың) не екенін нақты көрсетіп қойған. (Ибраһим с-сі, 24-25 аяттар).
Өйткені, бұл фәни тіршілікте «Көркем сөз» ағаш жемісінің шырынынан нәр алған пенде, ғибадат ләззатына шомылған бейбіт өмірдің қызығын көріп, дін ілімінің кәусарынан сусындап, адал рызықтың берекесін тасытып, ынтымағы жарасқан жасампаз ұрпаққа рухани нығымет шаһарының қақпасын ашады. «Көркем сөз» ағашының шұғыласымен жер бетін Таухид нұрына бөлейді. Осылайша, соңында адастырмас сара жол қалдыра отырып, Раббысы уәде еткен мәңгі өмірдің жақсылықтарын көруге дайындалады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да осы бір айрықша Дарақтың саясында жүрегі тынышталып, Аллаһу Тағала сеніп тапсырған Пырақтың тізгінін бекем ұстап, жеті қат көкке көтерілу құрметіне иелік еткен. Осы бір айрықша Дарақ жемісін татқан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Ахмет Яссауи сияқты сенімді ізбасарлары да рухани самғау мәртебесіне қол жеткізе алған.


«Әр бұтақтың мың жылдық өмірі бар», - дейді баба. Яғни, «Ләә иләһа иллаллаһ» дарағына сән беретін, зарыққан құлдарына сая болатын бұтақтары бар екен, әрі ол бұтақтар өз орнын мекен етіп, әрқайсысы мың жылдан өмір сүрмек.
Асыл дінімізді ғылми тұрғыда терең талдай білген бұрынғы өткен ғұламалар Таухид ілімін былайша түсіндірген:


1.  Ләә маужууда иллаллаһ - Аллаһтан басқа болмыс (жаратылыс) жоқ. Өйткені біздің көріп жүргеніміздің бәрі фәни, яғни белгілі бір уақыт кезеңіне лайықталған уақытша көрініс. Бүгін көрініп, ертең жоқ болатын нәрсені бар десек, онда Аллаһу Тағалаға ширк қосқан болып шығамыз. Материяны (болмысты) мәңгі деп дінсіздер, атеистер ғана айта алады.
2. Ләә мақсуда иллаллаһ - Аллаһтан басқа мақсат жоқ. Алдымызға мақсат қойып, ол мақсатқа өз ақылыммен, білімімен, айламен, немесе басқа тәсілдермен жетемін десек,  онда Аллаһу Тағалаға ширк қосқан болып шығамыз. Өйткені әр істің нәтижесі Аллаһтан. Иманды адам әр ісін «Бисмилләһи» деп бастап, қимылға көшеді, яғни Раббысына тәуекел етіп, нәтижесінен үміттеніп,  әрекетке кіріседі. Олай болса ең сенімді мақсат - Аллаһты тану, Оған бойұсыну болмақ.


3. Ләә матлуба иллаллаһ - Аллаһтан басқа талап жоқ. Қандай да бір мақсатқа «Өзім талаптанып жеттім», - десек, онда Аллаһу Тағалаға ширк қосқан болып шығамыз. Мұның себебі де алдыңғы мысалда айтылғандай. Раббыға тәуекел ете отырып, талаптанған ісіңді қолға ал. Өйткені талаптанған нәрсеңнің нәтижелі болуы тек Аллаһтан. Олай болса,  ең үлкен талап - Раббының айтқанымен жүру, Оған арқа сүйеу.
4. Ләә маһбуда иллаллаһ - Аллаһтан басқа сүйікті жоқ. Махаббат, сүю нәфс қалауынан туындайтын күй. Нәфс, Аллаһу Тағаланың айтқандарына беріліп, шариғаттың барлық талаптарын өте разалықпен орындағанда ғана адам Аллаһты (Т) сүйе алады. Пайғамбарлар мен нәбилер, барлық сахаба, жәні пәк ғұламалар Аллаһты (Т) сүюшілерден болған. Яғни кәміл иман иелері Раббысына ғашық-тын, Раббы да оларды сүйетін.
Бірақ,  Аллаһқа (Т) деген шынайы махаббат барлық иман иелерінде бірдей деп айта аламыз ба?
Біздің тіршілігіміз дүние байлығына тікелей қатысты. Алайда, Раббы нығыметтерінің адам игілігіне айналуы, іс-әрекеттеріміздің шариғат талаптарымен қаншалықты үйлесімділік тауып жатқандығына байланысты болмақ.


Бұл орайда Жәлал ад-Дин Руми:
«Дүние іздеген Хақтан ғапыл қалады,
Көбейтем деп байлық, қытын, баланы», -
деп, бекер айтпаса керек.


 Сондықтан, Ахмед Яссауи (Аллаһ оған рахметті болсын) түрік тіліндегі жазылған «Даналық кітабін» бастар кезде, Раббысына деген ұлық махаббатына зәрредей болса да нұқсан келтіріп алмауы үшін 63 жасында жер астына түсті емес пе?
5.  Ләә иләһә иллаллаһ - Аллаһтан басқа тәңір жоқ.  Осылай деп тілмен айтып, ділге бекітуді иман дейтінін барлығымыз да білеміз. Бұл - Ислам негізінен. Өмірінің ішінде шын ықыласымен осы «Көркем сөзді» бір рет болса да айтып, Аллаһу Тағаланың Бірлігіне сенген адам Жәннаттық болмақ.


Міне, Таухид дарағы мен оның бұтақтарын қысқаша ғана сипаттап өттік. Бірақ, «Әр бұтақтың мың жылдық өмірі бар», - екендігі айтылған ғой.
 Аллаһу Тағала бізге мұны ойланып, ғибрат алсын деп берген болар. Олай болса, бес бұтақтың екі бұтағы  тіршіліктерін аяқтап, үшінші бұтаққа тән мыңжылдықтың өмір сүріп жатқанын аңғарамыз. Әрине, Аллаһу Тағала ғана білуші.
Енді осы айтылған ойымызды өлең шумақтарына аударып көрейік:

«Аллаһтың мақамы - ғажап мақам  дүр.»
Жүректе өніп, өсетін гүл.
Құпия кие, жасырын сыр,
Пенденің көбі түсінбей жүр.

«Ол мақамның Таухид деген дарағы бар.»
Күмбезін Исмламның Таухид құрар.
Таухидты зікір еткен бағын сынар -
Аллаһтың дидарына болып құмар.

Әзиздер «Көркем сөз»-ді айтып келген,
Таухидтың бұтықтарын беске бөлген.
Салихтар ол бесеуден жеміс терген,
Ақида - түзу жолдан хабар берген:

1. Ләә маужууда илаллаһ -
Түсін мұны сен ойлап.

2. Ләә мақсуда илаллаһ -
Жеткізер мақсат, болсаң сақ.

3. Ләә матлуба илаллаһ,
Аллаһты тану - шын талап.

4. Ләә маһбуда илаллаһ -
Аллаһты ғана сүйіп тап.

5. Ләә иләәһә илаллаһ -
Бір Аллаһ бар. Аллаһ - Хақ.

Бұтағы жайнап, саясы жерге түсіп,
Тұрады неше түрлі жеміс пісіп.
Жемістен татқан пәнде - шырын ішіп,
Ұстаған Пырағының жалын құшып,
Құранды жүрегіне бекем қысып,
Аралап Лауһул Маһфуз, кетер ұшып.

«Әр бұтақтың мың жылдық өмірі бар.»
Өткен соң мың жылдығы бұтақ сынар.
Бес бұтақ бес мың жыл сайран құрар,
Біртіндеп кезегімен өтіп тұрар,
Мүъминге жүрегі ояау, сөзді ұғар,
Білсін деп, белгі беріп қойған шығар.

Зер салып қараған жан бұған аңлап,
Есептеп шығарады өзі талдап.
Фәниде не басталса - аяқталмақ,
Қай пәнде шариғатты өзгерте алмақ.
Тағдыр жел, жел айдаған адам қаңбақ,
Алғайсың осы бастан жолды таңдап.

Осылай өтеді деп дүние жалған,
Бабадан сөз нышаны, белгі қалған.
Шариғат даңғылына түсіп барған,
Нәпсіге ойнақтаған кісен салған.
Жақсыға тиесілі үлес алған,
Адамда бұл жалғанда бар ма арман?
Жалынғын, жасыңды төк, жыла, зарлан,
Бауырым! - қапы қалма, ұмтыл, қарман.

 

Қуанышбек Әлішерұлы

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: