Адам даусынан шығатын неше түрлі әуезді үндер бар. Алайда олардың ешқайсысы ұзақ жасай алмаған. Айтушыны шаршатады не тындаушыны жалықтырады. Түптің түбі естен шығып ұмытылады. Тек қана бір ғана әуезді үн ғасырлар бойы үздіксіз жер бетінде қарыштап тұр екен. Ол Алланың бірлігіне шақырған азанның үні.
Қазіргі күні жердің қай бұрышын, қай құрлығын, тіпті қай аралын ал, азансыз ауыл таппайсың. Бір сәтке дейін тоқтамай бірін-бірі іліп әкетіп жатады. Бейне бір жердің қозғалысының өзі азанның үнінен қуат алып, Алланы ұлықтаумен тербетіліп жатқандай.
Сол азанды күнделікті күніне ең аз дегенде бір рет болса да біз өз ауламыздан естиміз.
Көбіміз оны жай ғана әуезді үн ретінде қабылдаймыз. Көңілімізге жақса тамсанып тыңдаймыз. Жақпаса, «әй, мына қарға дауысты, қайсысы?» деп сөгіп те тастаймыз. Ол не үшін азан айтып жатыр, неге шақырып жатыр, оған көңіл бөлгіміз келмейді. Алланың бірлігі мен бақытқа шақырған азаншының сөзіне жауап бермейміз. Бүкіл бақытымыз жалғанның жалпағында жатқандай, күйбең тіршіліктің әлегімен әуре боламыз.
Тыңдаған қайта тәуір екен, кейде байғызға ұқсап, сұңқұлдап баланы ояттың деп сөккен есерсоқтарды да көргенбіз. Кейде азаннның даусын естіп, өз сағатың түзеген әпенділерді де көргенбіз. Азанды естісе де естімегендей болып, қарқ-қарқ күліп, бос әңгіме құрып отыра берген кісілерді де байқағанбыз. Қойшы, әйтеуір, біз бүгінде азанның сөзіне жіті мән беріп, ұғына алмай отырмыз ба деп ойлаймын.
Азанның сөзі ол жай ғана салмақсыз сөз емес. Ол Иманның әсілін, Исламның болмысын қамтиды, яғни құдірет те, күш те, басқару да, билік те, әр бір істің тағдыры уысында болған Алланы бүкіл нәрселерден ұлықтайды. Әлемге оның қалауынсыз қауырсын сынбайтынын паш етеді. Азаншы иманға куәлік етеді. Сол арқылы адамдарды тек Аллаға құлшылық қылуға (яғни Алланың разылығын іздеуге), ақырзаман Пайғамбары Мұхаммад (с.а.у.) соңынан ілесуге шақырады. Азаншы әрбір кісіні намазға шақырады. Бақытқа бастар жолға шақырады, яғни сені Аллаға жолықтырар сәтке шақырады. Ақиқатында сені асырап бағатын, сен ауырсаң жазатын, сен күйзелсең қуантатын, сен қиналсаң жәрдем беретін, сен жаңылсаң жарылқайтын, бүкіл қажеттілігінді өтеуде ешбір ортағы болмаған Аллаға жолыққаннан артық бақыт бар ма? Әлбетте, жоқ! Бұл ақыл таразысымен қарағанда, ал шариғат ұғымында азанды біз мына себептермен құрметтеуіміз керек екен.
Біріншіден, азан Аллаға ұнайтын сөздің ең сүйкімдісі екен. Оған дәлел Құран-Кәрімнің мына аяты: «Шын! Мен Мұсылмандарданмын», - деп, Аллаға шақыра отырып ізгі іс істеген кісіден сөз тұрғысынан жақсы кім бола алады?». (Фуссилат сүресі, 33).
Тафсирші Ибн Аббас бұл аятты «Азаншының Алланың бірлігіне шақырған сөзінен артық сөз бар ма?» деп аударып, Алла азаншының сөзін мысал қылып отыр дейді. Оның сөзін бірқатар ғалымдар, соның ішінде Айша анамызда қостайды. Ал Ибн Аббас аяттағы ізгі істі ол азаннан кейінгі (тек шам намазынан басқа) қаматтан бұрынғы нәпіл намаздар.деп түсіндіреді.
Екіншіден, ол Алланың көңілің табатын оңай да жеңіл жол екен.
Азанның шариғаттағы үкімі бекітілген сүннет. Тәртібі бойынша тек мешіттерде бес уақыт намаздың уақыттарында айтылады. Алайда бұл сөз Раббымыз Аллаға ұнағаны сондай, Алла оның әрбір жерде айтылғанын қалайды. Иен далада жалғыз өзі болса да, Алланы ұлықтап азан айтқан пендесіне Алла тәнті болып, разылығын білдіреді.
Ол туралы Алланың Елшісі (с.а.у.) айтады: «Таудың етегінде (жалғыз өзі ) қой бағып жүрген кісінің азан шақырып, намаз оқығанына Раббыларың тәнті болды. Сонда үстем де ұлы болған Алла былай дейді: «Менім құлыма қараңдар! Азан шақырып, намазға тұрады .Сондай-ақ менен қорқады. Мен бұл құлымның күнәсін кешірдім және оны жаннатқа кіргіздім». (Хадисті Ъұқба ибн Амирден (Алла разы болсын) Абу Дауд жеткізді).
Үшіншіден, азанды естіген әрбір нәрсе, біз жауап бермесекте оған жауап береді. Азан айтқан кісі үшін бүкіл жанды, жансыз нәрселердің барлығы кешірім сұрайды.
Алланың Елшісі (с.а.у.) айтады: «Азаншының дауысы жеткен жерге дейінгі күнәсі кешіріледі.Оған берілетін сауап онымен бірге намаз оқығандардың сауабымен теңеседі». (Хадисті Абу Умамадан имам Таборони жеткізеді. Жамиғул сахих № 6519).
«Азаншының дауысы үзілген жерге дейінгі күнәлары кешіріледі.Әрбір естіген жанды-жансыз заттардың барлығы ол үшін жарылқау тілейді». (Хадисті ибн Умардан имам Ахмад жеткізеді. Мажмагул зауаид 326/1). «Азаншының дауысы жеткен жерге дейін күнәсі кешіріледі» деген сөздің мағынасын имам Хатоби (Алла рахым етсін) былай түсіндіреді. Азаншының дауысының шегі қай жерге дейін жетеді, Алланың оған деген кеңшілігімен жарылқауы шегіде дәл сондай болады. Немесе оның басқа бір мағынасы азаншы дауысы жеткен жердің өлшеміндей күнә жасаса да, Алла одан да кең мейірімімен күнәларын кешіреді». (Магалимус -сунна 281-1).
Төртіншіден, Оған әрбір жанды -жансыз нәрселер Қиямет күні куәгер болады екен.
Алланың Елшісі (с.а.у.) сахабасы Сағид ибн Құдриға «Мен сенің қойды иен далада бағуды жақсы көретініңді байқадым. Егер сен қойға шыққанында немесе ен далада болғанында намазға азан шақырсаң, даусыңды көтеріп шақыр. Өйткені азаншының даусын естіген әрбір жын, әрбір адам, әрбір зат, әлбетте қиямет күні оған куә болады», - деп өсиет айтады. (Хадисті Сағид ибн Құдриден имам Бухари риуаят еткен).
Имам Ибн Хажар Асқалани «Олар куәлік етеді» деген сөздің мағынасын былай түсіндіреді. Алла қиямет күні кейбір қауымды қорлау үшін, кейбір қауымды құрметтеу үшін куәгерлер жаратады. Сол күні Алла азаншының абыройын арттырып, жаннаттың биік дәрежесін жеткізгісі келеді. Сол үшін оған әр жанды-жансыз нәрселердің барлығын куәгер қыла береді де даңқын арттырады». (Фатхул Бари Ибн Хажар Асқалани 89\2).
Бесіншіден, қиямет күні азаншылар кісі қызығарлықтай биік мәртебеге ие болады.
Алланың Елшісі (с.а.у.) айтады: «Қиямет күні барлық адамдардан азаншылардың мойны ұзын болады». (Хадисті Муғайадан имам Муслим жеткізеді). Әлбетте бұл хадисті мухаддистер әр түрлі түсіндіреді.
Бірі, сол күні адамдардың көбісі Алланың рахымын тағатсыздана күтеді. Тағатсыз ыждаһатпен күткен кісі топтың арасынан мойнын соза беретіні анық. Сол күні азаншыларға берілетін Алланың рахымының молдығы олардың мойнын ұзартып жібереді десе, басқа біреуі қиямет күні адамдар күте-күте өзі аққан терісіне өз тұншыға бастаған кезде, мойындарын соза бастайды. Сол кезде азаншылардың мойны ұзын болады деп түсіндіреді. Кейбірі, жоқ, хадис мойынның созылуы туралы айтып жатқан жоқ. Қиямет күні адамдар қатты шөлдейді. Шөлден қанталанғаннан мойын омыртқалары босайды. Ал азаншылар шөлдемейді. Мойындары бекіп, босамайды деп түсіндірсе, кейбірі, жоқ, бұл астарлы сөз, арабтар бақытқа жеткен кісінің мойны ұзарды деп айтады деп шархтайды. (Далилил фалихин литуруқи Риадус-солихин Азан бабы). Әлбетте бұл хадистің мағынасы Аллаға аян. Бірақ, бір нәрсе анық, қиямет күні азаншылар өте құрметтелген құлдардан болады. Бәлкім, біз бұл дүниеде азан айтуға немесе азанды тыңдауға немқұрайлы қарауымыз мүмкін. Бірақ, қиямет күні біз сол ағаттығымызға қатты өкініп қаламыз. Өйткені қиямет күні адамның шын бейнесі көрінеді. Ол сол күні дүйім қауымның алдында не қорланады, не атақ-абыройға ие болады. Біз көп мән бере бермеген азаншылардың данқымен дәрежесі сол күні еселеп артады. Оларға берілетін сауаптың молдығы, Алланың кеңдігін көргендер қызғана да қызыға қарайды.
Алтыншы, сахабалар азан айтуды немесе оны тыңдауды жақсы көрген. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Азанды сауап тұрғысында таласып-тартысуға тұрарлық іс», - деп түсіндірген. Бірақ сахабалардың барлығы азан айта бермеген. Себебі, азаншының уазифасы өте күрделі еді. Қазіргі уақытта біз тақиум арқылы намаз уақыттарын алдын-ала белгілеп қойған болсақ, ол кезде мүмкіндіктер болмаған. Намаз уақыттарының кіріп-шығуын бақылау толықтай азаншыларға жүктелген. Бұл іс үлкен жауапкершілікті талап еткен. Алла Елшісі (с.а.у.) сол үшін де азаншылар үшін көп кешірім сұрайтын. Әйгілі сахаба Абдулла ибн Масғуд азанның сауабын түсініп, азаншы болуға мүмкіндігі келмегендіктен, «Егер мен азаншы болсам, қажылық пен умра қыла алмағаныма, жиһад жасай алмағаныма көңіл бұрмаған болар едім», - деп өкінген деседі.
Жетіншіден, азан оқылған жерден шайтан қашады. Азан айтылса шайтан азанды естімеу үшін жел шығарып қашады. Азан айтылып болған соң, қайтып келеді. Қамат (парыз намазға тұрудан бұрын айтылатын азанның үлгісі) айтылған уақытта, қайта қашады. Қамат айтылып болған соң қайтып келіп, намаз оқып тұрған адам мен оның жанының арасына қыстырылып, оған қаншасыншы рәкәғатты оқып тұрғанын ұмыттыру үшін: «Ананы есіңе ал, мынаны есіңе ал», - дейді. Ұмытылған нәрселердің барлығын есіне салады». (Хадисті Әбу Һурайрадан (р.л.ғ.) Имам Бухари және Имам Муслим риуаят етті).
Адамзатты азғырып, әлек болып жүрген шайтан бар тірлігін тастап, тұра қашатындай азанда қандай құдірет бар десеңші.
Сегізінші, азан айтылып жатқанда аспанның есіктері ашылып, дұғалар қабыл бола бастайды. Алланың Елшісі (с.а.у.) бір сөзінде: «Намазға азан айтылғанда аспанның есіктері ашылып, дұға қабыл болады», - деген. (Хадисті Әнас Ибн Маликтен (р.л.ғ.) Әт-Таялиси риуаят етті). Басқа бір сөзінде, «Азан мен қаматтың арасындағы дұға қабыл етіледі». (Хадисті Әнас Ибн Маликтен (р.л.ғ.) Имам Тирмизи риуаят етті).
Өмір болған соң күйбең тіршілігін қажеттілігін таусылмайды. Арман тілегіннің бірі бітсе, бірі орнын басады. Бүкіл сенің қажеттілігінді өтеуші тек қана Алла. Оның қалауынсыз сенің ешбір ойға алған ісін алға баспайды. Азан уақытында аспанның есігі ашылуы, Алланың мейірімі түсіп, тілегіңді бос жібермеуі, бұл үлкен мүмкіншілік. Осы игілікті пайдалануымыз қажет екен. Бірақ біз азан даусына немқұрайлы қарап, қазірде осы тамаша бір мүмкіншілігімізді қолдан жіберіп алып жүрміз-ау.
Тоғызыншы, азанды тыңдаудың және қайталаудың өзі жаннатқа бастар төте жол. Абу Хурайра айтады: «Біз Алланың Елшісімен (с.а.у.) бірге едік. Кейін Биләл тұрып азан айтты. Ол (р.л.ғ.) азанды айтып болған соң Алланың Елшісі (с.а.у.): «Мұның айтқанын шын көңілімен қайталаған адам жәннатқа кіреді», - деді. (Хадисті Әбу һурайра және Әбу Абдуррахманнан (р.л.ғ.) Имам Насаи риуаят етті).
Алланың Елшісі (с.а.у.) басқа бір сөзінде: «Муәззин: اللهُ أَكْبَرُ اللهُ أَكْبَرُ деп айтқанда, араларыңнан біреу шын жүректен: اللهُ أَكْبَرُ اللهُ أَكْبَرُ деп жауап берсе. Муәззин: أَشْهَدُ أَنْ لاَ إِلَهَ إِلاَّ الله дегенде: أَشْهَدُ أَنْ لاَ إِلَهَ إِلاَّ الله десе. Кейін муәззин: أَشْهَدُ أَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللهِ дегенде: أَشْهَدُ أَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللهِ-десе. Муәззин: حَيَّ عَلَى الصَّلاَةِ дегенде: لاَ حَوْلَ وَلاَ قُوَّةَ إِلاَّ بِاللهِ десе. Кейін муәззин: حَيَّ عَلَى الْفَلاَحِ дегенде: لاَ حَوْلَ وَلاَ قُوَّةَ إِلاَّ بِاللهِ десе. Муәззин: اللهُ أَكْبَرُ дегенде: اللهُ أَكْبَرُ десе. Кейін муәззин: لاَ إِلَهَ إِلاَّ الله дегенде: لاَ إِلَهَ إِلاَّ الله деп қайталаса, ол кісі жәннатқа кіреді», - деді. (Хадисті Омар ибн Хаттабтан (р.л.ғ.) Имам Муслим риуаят етті.)
Имам Науауи бұл хадистің шархында азанды тыңдаушы азанды сөзбе-сөз қайталап тұруын мустахаб дейді. Тек қана азан сөзінің екі түрінен басқасын: Ол азаншының حَيَّ عَلَى الصَّلاَة, яғни намазға шақыруы, حَيَّ عَلَى الْفَلاَحِ бақытқа шақыруы. Себебі бұл сөз азан шақырушының шақырған сөзі, сол үшін оны қайталамау тиіс, бәлки оған тиісті түрде жауап берілуі керек. Ол сөздің тиісті жауабы: لاَ حَوْلَ وَلاَ قُوَّةَ إِلاَّ بِاللهِ. Өйткені бұл сөз әрбір істі бастарда өзін толықтай Аллаға тапсырудың белгісі, яғни намазды оқуын, оқысаң қабыл алынуы, қиямет күні пайдасы тиюі Алланың құдіретіндегі дүние, сол үшін де бұл істе де өзін-өзі кісі Аллаға тапсыруы керек деген мағынада айтылған.
Оныншы, азан қиямет күні Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) шапағатын нәсіп қылады.
Аллаһтың елшісі (с.а.у.) айтты: «Кім азанды есітіп:
"اَللَّهُمَّ رَبَّ هَذِهِ الدَّعْوَةِ التَّامَّةِ، وَالصَّلاَةِ الْقَائِمَةِ آتِ مُحَمَّداً الْوَسِيلَةَ وَالْفَضِيلَةَ، وَابْعَثْهُ مَقَاماً مَحْمُوداً الَّذِي وَعَدْتَهُ"
- деп айтса (яғни "Иә Аллаһ, осы айтылған кәміл азанның және осы орындалатын намаздың Раббысы, Мухаммадты "аль-уасильге" және жоғары дәрежеге алып кел, әрі оны Өзің уәде еткен мақтулы орынға бағытта!" десе), ол үшін Қиямет күні Менің шапағатым міндетті болады». (Хадисті Жәбир ибн Абдуллаһтан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят етті).
Азаннан соң осы дұғаны оқу сүннет амалдарының бірі. Азаннан соң басқа да дұғаларды оқи беруге болады. Бірақ арнайы түрде осы дұғаны оқу көбірек қайырлы болып келеді. Өйткені Аллаһтың елшісі (с.а.у.) басқа бір сөзінде не үшін бізге осы дұғаны оқу керектігін жақсы түсіндіреді.
«Азан естігенде азаншы не десе соны қайталаңдар да, содан кейін маған салауат айтыңдар, өйткені мен үшін салауат айтқанға Аллаһ он игілік нәсіп етеді. Содан кейін Аллаһтан мен үшін, Жәннәттағы Аллаһтың жалғыз ғана құлы кіретін "аль-Уасиләні" сұраңдар, сол құл мен боламын ба, деген үмітім бар, ал кім мен үшін "аль-уасиләні" сұрайтын болса, оған менің шапағатым уәжіп болады». (Хадисті Абдуллаһ бин Амр бин аль-Астан А.р.б, Муслим риуаят етеді).
Бәрімізге ұстаз ардақты Пайғамбарымызға (с.а.у.) азаннан кейінгі ең дұғаның қабыл болатын уақытын пайдаланып, Алланың қасынан биік дәрежені сұраймыз, сол арқылы әлбетте ең әуелі өзімізге пайда әкелеміз. Қияметтің қиын күнінде жаратылыс Алланың есеп алуын мыңдаған жылдар күтеді. Адам мен жын көп уақыт күткені сондай өз теріне өзі тұңшыға бастайды. Бұл қиыншылқтан қатты зарыққан адам мен жын құтылу үшін Алламен өздерінің арасына арашашы іздей бастайды. Бірақ ешкімді таба алмайды. Мейлі адам, мейлі жын, мейлі періште болсын бәрі өз қамын ойлап, өзім-өзім деп тұрады. Аллаға дәті жетіп, тек Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) ғана шапағат сұрайды. Алла ол кісінің шапағатын қабыл етіп, есебін бастап кетеді. Осы күні Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) шапағаты арқылы көп кісі тозақтан құтылады. Солардың ішінде, Алла қаласа, азаннан кейін осы дұғаны оқығандар да болады.
Атамыз қазақ өмірге бір сәби келсе азаншы ма әлде қазаншы ма деп сұрайтын. Немесе азаны жоқ елдің мазасы жоқ дейтін. Немесе Аллаға жағам десең азаншы бол, халқыма жағам десең қазаншы бол дейтін. Немесе азан айтылып жатқанда сөйлеме, сөзін іштей қайталай бер, деп сөгетін. Кішкене нәресте өмірге келсе, азан айтып ат қойып, азанмен тірлігін бастап жататын. Осынша азанмен өміріміздің үндесуі тегіннен тегін болмаса керек. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) сөздеріне шүбәсіз сеніп, Алладан және ақыреттен үмітіміз болғаннан шығар. Азанның қадір-қасиетін бағамдай білейік, қадірлі ағайын!
Алмас Кенжемолдаев,
Жуалы ауданының бас имамы.