Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Тараз қаласындағы «Әл-Әділ» мешітінде ел егемендігі жолында құрбан болған жандарды еске алуға арналған Құран Кәрімді жатқа оқудан облыстық байқау ұйымдастырылды.
Тағылымы мол рухани шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың Құранға деген сүйіспеншілігін арттыру, қасиетті Кітапты жаттауға ынталандыру, сондай-ақ ел тәуелсіздігі жолында жанын қиған азаматтардың рухына тағзым ету.
Құран Кәрімнің 30–шы парасын жатқа оқу бойынша өткен жарысқа Тараз қаласындағы барлық мешіттермен қатар Меркі, Тұрар Рысқұлов, Байзақ және Жамбыл аудандарынан 7–16 жас аралығындағы 35 шәкірт қатысты. Болашақ қарилар қасиетті Құранның 30-шы парасын жатқа оқу бойынша өзара бақ сынап, білімдері мен оқу шеберліктерін ортаға салды.
Құран жарысының әділқазылар алқасының құрамында Жамбыл облысының Бас имамы Асқар Зәкіржанұлы, Тараз қаласының Бас имамы Ержан Аманбаев және Жамбыл облысы бойынша Құран секторының жетекшісі Бірлік Амангелді болды.
Қатысушылардың Құранды жатқа білу деңгейі, оқу мәнері, тәжуид ережелерін сақтауы мен жаттаған сүрелерін мүдірмей оқуы сараланып, үздіктер анықталды.
Жарыс қорытындысы бойынша:
І орын – «Әзірет Әли» мешітінің шәкірті, Бақыт Бейбарыс. 200 000 теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.
ІІ орын – Тұрар Рысқұлов ауданының қатысушысы,Құрманбек Сейфолла. 150 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
ІІІ орын – «Намаз ата» мешітінің шәкірті Дурсунов Исмаил. 100 000 теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Сонымен қатар бірқатар шәкірттерге ынталандыру сыйлықтары табысталды. Атап айтқанда:
Қырғызбай Һибатулла – Жамбыл ауданы, Шоқай ауылдық мешітінің шәкірті;
Анарбек Әбу Бәкір – «Құлбай баба» мешітінің шәкірті;
Жұмабай Елмұрат – «Әл-Әділ» мешітінің шәкірті;
Джамалов Амин – «Миразиз Ата» мешітінің шәкірті.
Ал көрермен көзайымы номинациясы бойынша Төлеуғазыұлы Әбдісаттар арнайы сыйлықпен марапатталды.
"Байқау барысында жас қарилардың Құран оқу деңгейі жоғары екені байқалды. Әсіресе, биылғы жарыстың өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым жоғары деңгейде өткені, шәкірттердің дайындығы мен білімінің артқаны қуантты" - дейді қари Бірлік Амангелді.
Шара соңында Жамбыл облысының Бас имамы Асқар Зәкіржанұлы мен Тараз қаласының Бас имамы Ержан Аманбаев жарысқа қатысқан жас шәкірттерге, олардың білім алуына жағдай жасап, тәрбиесіне көңіл бөліп жүрген ата-аналары мен ұстаздарына алғыс білдірді.
Сондай-ақ Құран жаттауға талпынып, қасиетті Кітапты жүрегіне серік еткен өскелең ұрпақтың көбеюі – қоғам үшін үлкен қуаныш әрі болашаққа деген сенім екенін атап өтті.
Рухани бәсеке өз мәресіне жетіп, қатысушыларға ерекше әсер мен өнеге сыйлады. Осындай игі бастамалар жас ұрпақтың имандылық тәрбиесін нығайтып, Құран ілімінің кеңінен насихатталуына өз үлесін қоса бермек.
"Әулие ата" мешітінің баспасөз қызметі


25 Қараша 2026
14 Джумада-сани 1448

