Қанағат - таусылмас қазына

Қанағат - таусылмас қазына

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қанағат сөзі – араб тілінен алынып "Өзіңе тиген үлеске разы болу" дегенді білдіреді. Мағынасына келер болсақ, басқаның қолындағысынан дәметпеу, өзінде барды місе тұту, өз нәпақасына шүкірлік айту, өзгенің ризығына қол сұқпау, тойымсыздықтан бойын аулақ ұстау дегенді білдіретін  терең діни ұғымды білдіреді.

Қанағат дегеніміз - адам баласына берілген нығметтерді, игіліктерді құрметтеу, Алла Тағаланың жазған тағдырына разы болу, бар нәрсеге шүкіршілік ету және сондай ақ адалдық жолымен өмір сүру.

           Құр қол қусырып отыра беру,  мехнат шекпеу, барға шүкір деп отыра беруді қанағат  тармағына жатқызбайды, Мұсылман адам хадис шәріпте айтылғандай, әр істеріне өз әрекетін жасайды, ең бастысы жүрегінде "Маған берілген нығметтің иесі Алла Тағала" деген сенімде болу.

Адам баласы қанша жерден бай болса да егер жүрегінде қанағат болмайтын болса, өзін кембағалдай сезінуі мүмкін. Керісінше, мал-дүниесі болмаған адамның жүрегі едәуір шүкіршілікте һәм тыныштықта болып, бойында қанағатшылдық сезімі басымдау болып тұрады. Сол үшін де ғұламалар қанағатты "жүрек байлығы" деп есептеген.

           Ислам дінінің негізгі дереккөздері болған Құран Кәрім мен хадис шәріптерде қанағат жайында көптеп баян етілген. Алла Тағала Құран Кәрімде Қасас сүресінің 77 - ші аятында: "Алланың өзіңе бергенімен жақсылықтарымен мәңгілік тұрақ мекенін ізде әрі осы өмірдегі үлесіңді де ұмытпа. Алланың саған жақсылық жасағаны секілді, сен де жақсылық ет. Жер бетінде бүлдірушілікке ұмтылма, күмәнсіз Алла бұзушы-бүлдірушілерді ұнатпайды", деп, баян етеді.

            Ислам діні адамдардың екі өмірлерінде де бақытқа жетулерін қалайды.Қанағаттэшыл болу да сол бақытқа жетелеуші үлкен сипат, әрі амал. Қанағатшылдық адамды сабырға үйретеді, жан тыныштығын береді. Өмірінде тепе-теңдік орнайды. Тіпті психологиялық тұрғыдан алып қарасақ та, қанағатшыл адамдардың күйзеліске ұшырауы сирек, өйткені оларда салыстыру аз, өзімен-өзі келісімде болады.

            Пайғамбарымыз с.ғ.с. өзінің хадисінде: "Мұсылман болып, өзіне жеткілікті ризық берілген және де Алланың берген нығметтеріне қанағат ететін кісі – күмәнсіз құтылған болады!" дейді. (Муслим)

 

Адамзаттың асылы болған Алла Елшісі ғ.с.  адамдарды өздеріне берілген нығметтердің қадір-қасиеттеріне жете білуге шақырған. Қанағат пен бақыт ортасында үлкен байланыс бар. Бүгінгі күнде адамның көзі көп нәрсеге түседі. Телефон, интернет,ғаламтор желілері арқылы өзгелердің өмір тіршіліктерін көреміз. Егер адам өз өмірін өзгелердің өмірлерімен салыстыра беретін болса, жүрегінде наразылық пайда болады. Демек қанағат - адамның бақытты ғұмыр кешуіне өз септігін тигізеді. Ең бастысы Алланың не берсе де сол бергеніне разылық танытуымыз керек екен. Бақыт - дүние-байлықтың молында емес, қайыр-берекесінде болып саналады. Сол үшін де Пайғамбарымыз с.ғ.с.адамдарды өзінен жоғарылатуға (байларға) емес, төмендерге, яғни кедей-міскіндерге қарау арқылы, олардың төмен жағдайларын көру арқылы өзінің бойындағы нығметке шүкіршіліктері мен қанаттары басым болады.

           Мал-дүниеге иелік қылу жаман емес. Ислам діні байлықты харам санамайды. Харам қылынғаны - дүние-байлықтың адамның жүрегіне кіріп кетуі, сол байлық арқылы құлшылық, ғибадаттан жырақтап қалуын айтады.

"Ақылды адам азғантайды қанағат қылып, бақытты өмір сүреді, ал ақымаққа бәрін берсең де, аз" деп толғанады дейді Ғұлама Абай атамыз да.

Қанағат - әдептіліктің басты белгісі, бастауы һәм негізі. Ол адамның сана-сезімі мен іс - қимылындағы жақсы бір жағымды әдеп. Дана Абайдың сөзінен түсінеріміз, қанағатшылдық адамды ашкөзділікке жібермейді, біреудің дүние-затына сұқтандырмайды, сұғанақтық жасаттырмайды

          Қанағат пен тағдырға разы болу жолының екеуінің екі арасын түсіндіре кететін болсақ, мұсылман кісі Алла Тағаланың тағдырына иман келтіреді. Бірақ та тағдырды ортаға арқау етіп өзіне міндеттелген уәзипаларды тәрк етпейді. Сырқат адам: "Тағдырыма солай жазылған екен ғой" деп емделу жолынан бас тартпайды. Ризық іздеген кісі еңбек етіп, мехнат тартқанын тоқтатпайды. Білім алушы білімін тоқтатпайды. Біз түрлі себеп жолдарын жасаймыз, әрі нәтижесін Алладан күтеміз. Егер нәтиже біз күткендей болмаған болса, "Неге бұлай болды?" деп Алланың тағдырына наразылық танытпаймыз. Міне, бұл жағдай адам баласының жүрегіне үлкен тыныштық ұялатады. Адам баласы қанағатшыл болуы үшін әуелі бойынан шүкіршілігін тастамауы керек, әрі өзін әбден басқалармен салыстыра бермеуі керек. Адам көп нәрселерге ие болуымен бақытты болып қала салмайды.  Тек керекті нәрселерге ғана қанағаттылық танытуды үйрене білуіміз керек.

Саңлақ сахабалардың бірі болған Сағд ибн Әбу Уаққас о.ғ. өзінің ұлына: "Уа, балам! Егер сен Алладан байлық сұрасаң, қанағатымен қоса сұра. Өйткені қанағатшылдық нағыз таусылмайтын байлық" деп өсиет еткен екен.

Әңгімемізді түйіндей келе айтарымыз, қанағатшылдық - Жаратушымыздың бізге берген ең үлкен сыйы. Мына фәни дүниеде берілген нығметтерге қанағат тұтып, барына тәубе деп өмір кешіп, екі дүниенің де игілігіне кенеліп, уайым-қайғысыз, бақытты ғұмыр кешуді баршамызға нәсіп етсін!

Барға  қанағат, жоққа сабыр етейік жамиғат!

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

Тұрар Рысқұлов ауданы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: