Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Луговой ауылы «Жүсіп» мешітінің наиб имамы Маханов Досали ауылдық мәдениет үйінде өткен «Дін мен дәстүр» атты кездесуге қатысты. Кездесуде дін мен дәстүрдің сабақтастығы мен байланысын ашуға тырысып, әр түрлі мысалдар келтірді.
Қазақ халқында қалыптасқан ұлттық дәстүрлердің, ділдегі ұғымдардың басым көпшілігі Ислам дінімен бірге өрілген. Кейбірі хақ діннің негізінде пайда болған. Сондықтан ұлттық салт-дәстүрлер төл мәдениеттің аясында қарастырылады. Ал әрбір халықтың мәдениетін, танымдық тұғырын айқындап беретін таразы – сол халық ұстанған идеологиялық рухани жол, яғни діні. Осы себепті дін дегеніміз діл мен дәстүрдің негізі болып табылады. Ал халық дінін ұмыта бастағанда сол діннен қалған сарқыншақтар әдет-ғұрыптарда ғана көрініс береді.
Қорыта келгенде, дін – дәстүрдің таразысы. Ал иләһи уахидың негізінде бекітілген діни рәсімдерді әдет-ғұрып деп есептеуге болмайды. Өйткені олар Алла Тағаланың тікелей әмір еткен амалдар. Ал салт-дәстүр адамдардың арасында көп әдеттенгендіктен пайда болған дағдылар.
Салт-дәстүрлер заманына қарай өзгереді. Мысалы, қазақ жерінде кезінде ғұмыр кешкен тайпалардың салт-дәстүрлері бөлек болғаны анық. Ал сол халықтардың жалғасы болып саналатын қазақ халқының нанымы мен танымы, салт-санасы Ислам дінімен бірге қабыса дамыды.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі



22 Қазан 2026
10 Джумада-авваль 1448

