Қазақ халқының рухани болмысы мен ұлттық дүниетанымында дін мен дәстүрдің орны айрықша. Бұл екі ұғым ғасырлар бойы халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып, ұрпақ тәрбиесінің, қоғамдық қарым-қатынастың және адамгершілік құндылықтардың негізіне айналды. Дін адамға дұрыс өмір сүрудің жолын көрсетсе, дәстүр сол ізгі қағидалардың халықтың күнделікті өмірінде көрініс табуына ықпал етеді.
Ислам – адамзатқа тура жолды көрсететін иләһи дін. Ол адамның Жаратушымен байланысын нығайтып қана қоймай, ата-анаға құрмет көрсету, туыстық қатынасты сақтау, көршіге жақсылық жасау, мұқтажға қолдау көрсету, адалдық пен әділдікті ұстану сияқты көптеген ізгі қасиеттерге үндейді. Ал дәстүр – халқымыздың осындай адамгершілік қағидаларды ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің өзіндік жолы.
Қазақ даласына ислам діні кеңінен тараған кезеңнен бастап халқымыз оны өзінің ұлттық болмысымен сабақтастыра білді. Дін мен дәстүрдің өзара үйлесуі нәтижесінде имандылық пен ұлттық тәрбие қатар қалыптасты. Сондықтан қазақ қоғамында «үлкенді сыйлау», «ата-ананы ардақтау», «қонақты құрметтеу», «жетімге жәрдем беру», «көршімен тату болу» секілді қасиеттер тек салт емес, адамның рухани тәрбиесінің ажырамас бөлігі ретінде қабылданды.
Қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 199-аятында:
«Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал» деп айтылған.
Ислам ғұрып пен әдет-ғұрыптың қоғам өміріндегі орнын толығымен жоққа шығармайды. Керісінше, шариғатқа қайшы келмейтін, адамгершілікке негізделген игі дәстүрлердің сақталуына мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда халқымыздың көптеген дәстүрінен исламның тәрбиелік қағидаларымен үндестікті көруге болады.
Қонақжайлық – халқымыздың асыл қасиеті
Қазақ халқы ежелден қонақты ерекше құрметтеген. «Қонақ келсе – құт келеді» деп, шаңырағына келген адамды төріне шығарып, барын алдына қойған. Бұл – халқымыздың жомарттығы мен кеңпейілділігінің белгісі.
Қонақты құрметтеу исламда да ерекше бағаланады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Аллаға және ақырет күніне иман келтірген адамның қонағын құрметтеу керектігін айтқан.
Демек, қазақтың қонақжайлығы – ұлттық мінездің ғана емес, адамды сыйлауға үндейтін рухани тәрбиенің де көрінісі.
Үлкенді сыйлау – көргенділіктің белгісі
Қазақ тәрбиесінде үлкеннің алдын кесіп өтпеу, ақсақалдың батасын алу, ата-ананың сөзін тыңдау ерекше мәнге ие болған. «Атасы тұрып, ұлы сөйлегеннен без, анасы тұрып, қызы сөйлегеннен без» деген нақылдың өзі халқымыздың әдепке қаншалықты мән бергенін көрсетеді.
Ислам діні де ата-ананы құрметтеуге, үлкенге ізет көрсетуге үндейді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде жасы үлкен адамдарды құрметтеудің маңызы айтылады.
Осылайша ұлттық тәрбие мен ислам тәрбиесі бір-бірін толықтырып, жас ұрпақтың бойында әдеп пен ізетті қалыптастырған.
Көрші ақысы – елдіктің көрінісі
Қазақ «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деп, қоңсылық қарым-қатынасты жоғары бағалаған. Көршісінің жағдайын сұрау, қиындықта қолдау көрсету, қуанышын бірге бөлісу – халқымыздың өмір салтында қалыптасқан жақсы дәстүр.
Құранның «Ниса» сүресі, 36-аятында ата-анаға, туыстарға, жетімдерге, мұқтаждарға және көршілерге жақсылық жасау бұйырылған.
Бұл – исламдағы қоғамдық жауапкершіліктің айқын көрінісі. Адамның имандылығы тек құлшылықпен ғана емес, оның айналасындағы адамдарға жасаған қарым-қатынасынан да байқалады.
Ысыраптан сақтану
Халқымыз табиғаттың әрбір нығметін қадірлеуге, барды бағалауға тәрбиелеген. «Судың да сұрауы бар» деген сөздің өзі ұқыптылық пен жауапкершілікті меңзейді.
Исламда да ысырапшылдық құпталмайды. Құранның «Ағраф» сүресі, 31-аятында:
«Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар. Шындығында, Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді» деп ескертіледі. Осыдан ұлттық тәрбиенің кейбір қағидалары мен исламның адамды жауапкершілікке тәрбиелейтін ұстанымдары өзара үндесетінін көреміз.
Дін мен дәстүрдің арақатынасы
Дін мен дәстүрді бір-біріне қарсы қою – дұрыс түсінік емес. Дегенмен олардың табиғатын дұрыс ажырата білу қажет. Дін – қасиетті негіз, ал дәстүр – белгілі бір халықтың тарихи және мәдени тәжірибесі. Сондықтан кез келген дәстүрді діни міндет ретінде қабылдау да, халқымыздың барлық дәстүрін дінге қайшы деп қарастыру да дұрыс емес.
Дәстүрдің құндылығы оның адамгершілікке, ізгілікке, бірлікке және қоғам игілігіне қызмет етуімен өлшенеді. Шариғатқа қайшы келмейтін жақсы дәстүрлер ұлттың рухани мұрасын байытады.
Қазақ халқының тарихында дін мен дәстүрді сабақтастыра білген ойшылдар аз емес. Төле би, Абай, Шәкәрім сынды тұлғалардың мұрасынан имандылық, адамгершілік, білім, әділет және ұлттық тәрбие мәселелерінің қатар өрілгенін көруге болады.
Ұлттық болмысты сақтау – ортақ міндет
Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтау мәселесі бұрынғыдан да маңызды. Әлемдегі түрлі мәдениеттер мен көзқарастардың араласуы жас ұрпақтың дүниетанымына әсер ететіні сөзсіз. Осындай кезеңде өз тарихын, тілін, мәдениетін және рухани мұрасын білетін ұрпақтың орны ерекше.
Ұлттық құндылықтан ажырау – адамның өзінің тарихи тамырынан алыстауына әкелуі мүмкін. Ал тамырынан ажыраған ұрпақ рухани тұрғыдан әлсіз болады. Сондықтан бала тәрбиесінде діни сауатпен қатар ұлттық тәрбиені де қатар қалыптастыру қажет.
Ата-ананы құрметтеу, үлкенге ізет көрсету, кішіге қамқор болу, ағайынмен тату тұру, көршіге жәрдемдесу, елдің тыныштығын қадірлеу – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан асыл қасиеттері. Бұл құндылықтар қазіргі қоғам үшін де өз маңызын жоғалтқан жоқ.
Қорыта айтқанда, дін мен дәстүр – қазақ халқының рухани дүниесінде өзара сабақтасып жатқан қос құндылық. Дін адамға рухани бағыт берсе, дәстүр сол ізгілікті күнделікті өмірде қалыптастырады. Екеуінің үйлесімі отбасы берекесін арттырып, қоғамдағы өзара құрмет пен бірлікті нығайтады.
Сондықтан дінді дұрыс түсініп, салт-дәстүрдің озық үлгілерін қадірлеу – әрбір ұрпақтың міндеті. Ұлттық құндылықтарды сақтау – өткенді ғана құрметтеу емес, болашаққа рухани негіз қалыптастыру.
Дін – жүрекке бағыт беретін рухани нұр болса, дәстүр – сол құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін алтын көпір. Осы қос арнаның сабақтастығын сақтай отырып, иманды, білімді, отансүйгіш және ұлттық болмысын қадірлейтін ұрпақ тәрбиелеу – баршамызға ортақ жауапкершілік.
Алла Тағала еліміздің тыныштығын, халқымыздың бірлігін баянды етіп, жүрегіміздегі иманды күшейтіп, ата-бабадан қалған асыл құндылықтарымызды қадірлеуді нәсіп етсін!
Ержан Көшкімбай
Мойынқұм ауданының бас имамы


26 Қыркүйек 2026
13 Раби-сани 1448

