Жастар – қоғамның қозғаушы күші, елдің ертеңін айқындайтын негізгі буын. Қай кезеңде де мемлекеттің болашағы жас ұрпақтың біліміне, тәрбиесіне, дүниетанымы мен рухани ұстанымына байланысты. Сондықтан қазіргі жаһандану дәуірінде жастарға сапалы білім берумен қатар, олардың бойына адамгершілік, имандылық, отансүйгіштік және ұлттық құндылықтарды сіңірудің маңызы зор.
Ислам діні адамды ізгілікке, адалдыққа, білім алуға, ата-ананы құрметтеуге, үлкенге ізет, кішіге қамқор болуға үндейді. Бұл құндылықтар халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрімен де өзара үндесіп жатыр. Қазақ халқының дәстүрлі тәрбиесінде де имандылық пен адамгершілікке ерекше мән берілген.
Ғасырлар сүзгісінен өткен салт-дәстүр – халқымыздың рухани болмысының айнасы. Әлдиден басталған тәрбие, үлкенге құрмет, кішіге ізет, қонақжайлық, жетім-жесірге қамқорлық, ағайынмен тату болу секілді қасиеттердің барлығы жастар тәрбиесінде маңызды орын алады. Мұндай құндылықтар жас адамның мінезін қалыптастырып, қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады.
Исламда да қоғамдағы қалыптасқан жақсы әдет-ғұрыптарды жоққа шығармай, керісінше шариғат талаптарына қайшы келмейтін ғұрыптарды сақтауға мән беріледі. Ханафи мәзһабында «Әдет-ғұрып – үкім шығару құралы» деген қағида қалыптасқан. Алайда бұл кез келген әдетті діни талап ретінде қабылдау деген сөз емес. Ғұрып Құран мен сүннетке қайшы келмеуі және қоғамда кеңінен орныққан жақсы дәстүр болуы қажет.
Осы тұрғыдан алғанда, қазақ халқының ізгі дәстүрлері мен исламның адамгершілік қағидалары арасында сабақтастық бар. Ата-ананы сыйлау, туыстық байланысты үзбеу, мұқтаж жанға көмектесу, көршімен жақсы қарым-қатынаста болу, үлкеннің батасын алу, отбасы құндылығын дәріптеу – әрі ұлттық тәрбиеге, әрі исламның ізгілік қағидаларына сай келетін ұстанымдар.
Бүгінгі жастардың өмірі бұрынғы буыннан айтарлықтай өзгеше. Ғаламтор, әлеуметтік желілер және түрлі ақпарат көздері жастарға бір мезетте сан алуан дүниетанымдарды ұсынады. Мұндай жағдайда ақпаратты дұрыс саралап, пайдалы мен зияндыны ажырата білу маңызды. Жас адам діни білімді де кездейсоқ ақпарат көздерінен емес, сенімді әрі білікті мамандардан алғаны жөн.
Дін – тек ғибадатпен шектелмейді. Ол адамның мінез-құлқына, қарым-қатынасына, жауапкершілігіне әсер ететін рухани тәрбие мектебі. Ислам жастарды жалқаулыққа емес, еңбекке, білімсіздікке емес, ізденіске, өшпенділікке емес, мейірімділікке шақырады. Сондықтан дінді дұрыс түсінген жас қоғамға пайдасын тигізуге ұмтылады.
Жастар үшін білім мен имандылықтың қатар жүруі аса маңызды. Қазіргі заманда білімді болу жеткіліксіз, сол білімді адамзат игілігіне пайдалана білу де қажет. Өз мамандығын жақсы меңгерген, елінің тарихы мен мәдениетін білетін, ата-анасын құрметтейтін, қоғамға жауапкершілікпен қарайтын жас – мемлекеттің берік тірегі.
Ұлттық құндылықтарды сақтау да жастардың міндеті. Себебі салт-дәстүр – өткеннің естелігі ғана емес, ұрпақ тәрбиесінің құралы. Өз дәстүрін білетін жас өзінің ұлттық болмысын тереңірек түсінеді. Ал ұлттық тамырынан ажырамаған ұрпақ жаһандану жағдайында өз болмысын сақтай алады.
Дін мен дәстүрдің сабақтастығы жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөзінде осы екі құндылықтың ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы маңызын атап өткен. Дәстүрлі исламның мейірім мен жасампаздыққа негізделуі халқымыздың адамгершілік құндылықтарымен үйлеседі.
Сондықтан бүгінгі жастарға жүктелер міндет – дінді де, дәстүрді де терең түсініп, олардың адам тәрбиесіндегі орнын дұрыс бағалау. Дін – адамның ішкі дүниесін тәрбиелесе, дәстүр – оның ұлттық болмысын қалыптастырады. Осы екі құндылықты үйлестіре білген жас өзіне де, отбасына да, қоғамына да пайдасын тигізе алады.
Қорыта айтқанда, елдің болашағы – білімді, тәрбиелі, иманды және ұлттық құндылықтарын құрметтейтін жастардың қолында. Жастарға дұрыс діни білім мен сапалы тәрбие беру – қоғамның ортақ міндеті. Рухани тамырын сақтаған, білімге ұмтылған, ізгілік пен адамгершілікті ту еткен ұрпақ қана елдің жарқын болашағын қалыптастыра алады.
Ержан Көшкімбай
Мойынқұм ауданының бас имамы


26 Қыркүйек 2026
13 Раби-сани 1448

