Ислам — бейбітшілікке, бауырмалдыққа, ізгілік пен бірлікке шақыратын асыл дін. Алайда, тарих сахнасында да, қазіргі жаһандану заманында да діннің туын жамылып, оның асыл ұғымдарын бұрмалайтын жат ағымдардың пайда болуы — қоғам үшін үлкен дертке айналды. Діннің атын жамылған деструктивті топтар халықтың арасына іріткі салып, бауырды бауырға қарсы қоюда. Бұл мәселенің алдын алу үшін Құран аяттары мен Пайғамбар (с.а.у.) сүннетіне сүйене отырып, шынайы сұраныс пен тура жолды ажырата білуіміз қажет.
Жат ағымдардың ең басты сипаты — мұсылман қоғамын бөлшектеу және бүлік (фитна) шығару. Құран Кәрімде Алла Тағала мұсылмандардың бірлігін сақтауды бұйырып, бөлінуден қатаң түрде ескертеді:
«Барлығың Алланың жібінен (дінінен) бекем ұстаныңдар да, бөлінбеңдер...»(«Әлі Имран» сүресі, 103-аят)
Сонымен қатар, бүлік төндірудің ауыр күнә екені «Бақара» сүресінің 191-аятында: «Бүлік (фитна) табу — адам өлімінен де ауыр» деп сипатталған. Жат ағымдар мұсылмандар арасына араздық ұрығын сеуіп, осы аяттың шеңберінен шығып кетеді.
Жат ағым өкілдері өздерінің тар шеңбердегі түсінігіне қосылмаған мұсылмандарды «кафир» (діннен шыққан) деп айыптауға (текфир) әуес келеді. Ал Исламда шектен шығуға және өзгеге жала жабуға тыйым салынған. Құранда Алла Тағала тура жолда орташа болуды меңзейді.
«Осылайша, адамдарға куә болуларың үшін біз сіздерді орташа (әділ, асыра сілтемейтін) үмбет қылдық...» («Бақара» сүресі, 143-аят)
Пайғамбарымыз (с.а.у.) да хадисінде шектен шығушылардың түбі құрдымға кететінін ескерткен:
«Дінде шектен шығудан сақтаныңдар! Өйткені, сіздерге дейінгілерді дінде шектен шығушылық құртқан болатын» (Ибн Маджа).
Ислам — мейірім мен даналық діні. Жат ағымдардың әрекеті — шынайы Исламның бейнесін бұрмалап, қоғамда үрей тудыратын идеологиялық қауіп. Құран мен сүннет бізді әрқашан ынтымаққа, сабырлылыққа, ата-анаға құрмет көрсетіп, Отанды сүюге шақырады. Жат ағымдардың арбауынан сақтанудың ең басты жолы — сапалы діни сауаттылықты арттыру, білімді ресми ғалымдар мен имамдардан алу және бабалар салған сара жолдан таймау.
Алмас Кенжемолдаев
Шу ауданының бас имамы


03 Қыркүйек 2026
20 Раби-авваль 1448

