Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов аудандық «Сұлтан» орталық мешітінің бас имамы Қуаныш Досымжанұлы ауыл имамдарына «Уақып қоры» бағыты бойынша семинар өткізді. Семинарға 30 ға жуық мешіт қызметкері қатысып, пайда алды.
Аудан имамы семинарда: «Әбу Ханифадан басқа Ханафи ғалымдарының және Ислам құқықшыларының көпшілігінің пікірлері бойынша уақып мәндуп амал болып есептеледі. Яғни, шариғат бойынша істелуі ұнамды болған және Аллаға жақындататын іс. Уақыпқа Құран мен сүннет және ижмағ (Ислам ғұламаларының көпшілігінің мақұлдауы) дәлел бола алады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 267-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Маңдай терлеріңмен тапқан малдарыңды және біздің сендер үшін жерден шығарғандарымызды Алла жолында сарп етіңдер!» – деп айтқан.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер адам баласы бұл өмірден өтсе, бүкіл амалдары тоқтайды. Тек үш жағдайда ғана амал дәптері жазыла береді: жалғасып тұратын садақа, пайдаға асқан ілім және дұға жасайтын салиқалы ұрпақ», – деген (имам Мүслим).
Аталмыш хадиске түсіндірме берген ғалымдар: «Хадистегі «жалғасып тұратын садақа» уақыптан басқа нәрсені меңзеп тұрған жоқ. Егер оның басқа да мағынасы болса уақып та сол мағыналардың ішіне кірер еді», – деп, түсініктеме беріп өтті.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі


26 Тамыз 2026
12 Раби-авваль 1448

