Әйел – қоғамның көркі, отбасының ұйытқысы, ұлт тәрбиесінің бастауы. Қазақ халқы қыз баланың тәрбиесіне, әдебі мен ибасына ерекше мән берген. «Қыздың көркі – әдебі», «Қызға қырық үйден тыйым» деген нақыл сөздер халқымыздың қыз баланың абыройын жоғары бағалағанын аңғартады. Ислам діні де әйелдің қадір-қасиетін ардақтап, оның ар-намысын, абыройын қорғауға бағытталған көптеген үкімдер мен тәрбиелік қағидаларды бекіткен. Солардың бірі – орамал тағу.
Орамал – жай ғана ұлттық киімнің немесе сәннің бір бөлшегі емес. Ол – мұсылман әйелдің Жаратушыға деген бойсұнуының, иманының, ұят пен көркем мінезінің белгісі. Исламда орамал тағу әйелді қоғамнан оқшаулау немесе еркіндігін шектеу емес, керісінше оның қадірін арттырып, абыройын қорғауға арналған иләһи бұйрық.
Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Мүмін әйелдерге айт: көздерін төмен салсын, ар-намыстарын қорғасын және бүркеншектерін омырауларының үстіне түсірсін…» («Нұр» сүресі, 31-аят), – деп бұйырады. Бұл аят мұсылман әйелдің киім мәдениетіне қатысты негізгі қағидалардың бірі болып табылады. Мұндағы мақсат – әйелдің қадірін көтеру, ар-ұятын сақтау және қоғамдағы ізеттілікті нығайту.
Орамал – сыртқы келбетті ғана емес, адамның ішкі дүниесін де тәрбиелейтін рухани құндылық. Оны таққан әйел әрбір ісінде сабырлы болуға, әдепті сөйлеуге, көркем мінезді болуға ұмтылады. Себебі орамал – жауапкершілік жүктейтін қасиетті аманат.
Қазақ халқының тарихына көз жүгіртсек, аналарымыз бен әжелеріміз орамалды өмір салтының ажырамас бөлігі ретінде қабылдаған. Ақ жаулықты ана бейнесі халқымыздың санасында мейірімнің, тазалықтың, даналықтың символына айналды. «Ақ жаулықты ана» деген сөздің өзі әйелге деген ерекше құрметтің белгісі. Қазақ әйелдері орамалды тек діни міндет ретінде ғана емес, ибалықтың, қарапайымдықтың және ұлттық тәрбиенің белгісі ретінде де киген. Сондықтан бүгінгі мұсылман әйелдің орамал тағуы – ұлттық болмыс пен діни құндылықтың үйлесімін көрсетеді.
Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда орамалға қатысты түрлі пікірлер айтылып жатады. Кейбір адамдар оны тек сыртқы киім деп қабылдаса, енді бірі оны заман талабына сай емес деп есептейді. Алайда мұсылман үшін ең маңызды өлшем – Алланың разылығы. Адамның таңдауы қоғамның көзқарасына емес, Жаратушының бұйрығына негізделгенде ғана жүрек тыныштығына қол жеткізеді.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өміріне қарасақ, ол әйелдердің ар-намысын қорғауға, олардың қоғамдағы қадір-қасиетін арттыруға ерекше көңіл бөлген. Ислам келгенге дейін әйелдің құқығы аяққа тапталған қоғамда дініміз әйелдің мәртебесін көтеріп, оған құрметпен қарауды үйретті.
Орамал тағу – тек сыртқы бейнені өзгерту емес, рухани кемелденуге жасалған қадам. Себебі мұсылман әйел өзінің сөзіне, жүріс-тұрысына, адамдармен қарым-қатынасына жауапкершілікпен қарай бастайды. Көркем мінез, қарапайымдық, сабыр мен мейірім – орамалдың мәнін толықтыратын қасиеттер.
Исламда сыртқы көрініс пен ішкі дүниенің үйлесімі ерекше маңызды. Егер адам көркем киініп, бірақ мінезі дөрекі болса немесе керісінше жақсы мінезді болып, Алланың парыздарын орындауға салғырт қараса, онда кемелдікке жете алмайды. Сондықтан мұсылман әйелдің көркі – орамалмен қатар, оның иманы, әдебі, тәрбиесі және көркем мінезі.
Қазіргі таңда орамал таққан білімді, білікті, түрлі салада жетістікке жетіп жүрген қыз-келіншектер аз емес. Олар дәрігер, ұстаз, ғалым, кәсіпкер, журналист және басқа да мамандықтарда абыроймен қызмет атқарып келеді. Бұл – орамалдың әйелдің білім алуына немесе қоғамға қызмет етуіне кедергі емес екенінің айқын дәлелі.
Ата-ананың қыз тәрбиесіндегі жауапкершілігі де ерекше. Қыз балаға орамалдың мәнін қорқыту немесе мәжбүрлеу арқылы емес, даналықпен, мейіріммен және өнеге арқылы түсіндіру маңызды. Егер қыз бала ата-анасының көркем мінезін, имандылығын көріп өссе, ол діни құндылықтарды жүрек қалауымен қабылдайды. Сонымен қатар, орамал таққан әрбір мұсылман әйел өз іс-әрекетімен Исламның көркем бейнесін таныта білуі қажет. Әдепті сөйлеу, адамдарға құрметпен қарау, аманатқа адал болу, өтірік пен өсектен сақтану – мұсылман әйелдің басты қасиеттерінің бірі. Себебі адамдар көбіне дінді адамның ісіне қарап таниды.
Қазақ қоғамында ақ жаулықты аналарымыз әрдайым отбасының берекесін сақтап, ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Олар баласына адалдықты, еңбекқорлықты, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті үйретіп, өнегелі өмірдің үлгісін көрсетті. Бүгінгі күні де сол асыл дәстүр жалғасын тауып, жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне қызмет етуі қажет.
Орамал – мұсылман әйелдің көркі ғана емес, оның ар-намысының, ұятының және Аллаға деген ықыласының белгісі. Ол әйелдің қадірін кемітпейді, керісінше оның тұлғалық болмысын, рухани тазалығын және мұсылмандық келбетін айқындай түседі. Шынайы сұлулық адамның сыртқы бейнесімен ғана емес, жүрегіндегі иманымен, әдебімен және көркем мінезімен өлшенеді.
Ислам әйелді әрдайым ардақтап, оның абыройын қорғауды мақсат еткен. Орамал – осы ұлы құндылықтардың бірі. Ол мұсылман әйелдің Аллаға деген мойынсұнуын, өзінің ар-намысына деген құрметін және ұлттық-рухани құндылықтарға деген адалдығын білдіреді. Сондықтан әрбір мұсылман әйел орамалды құр міндет ретінде емес, Раббысының разылығына жеткізетін құлшылық әрі рухани көркемдіктің белгісі ретінде қабылдағаны абзал. Алла Тағала барша мұсылман әйелдерге көркем мінез, берік иман, ізгі амал және екі дүниенің бақытына жеткізетін игі өмір нәсіп етсін. Әмин!
Жамбыл облысы
Байзақ ауданы Қостөбе ауылы
«Қостөбе» мешітінің ұстазы
Майданбай Малика Афизуллақызы


15 Шілде 2026
29 Мухаррам 1448

