Аудандық Бәйдібек мешітінің бас имамы Даурен Куттыбаев мешітке келген жамағатқа «Ихсан – тәрбие негізі» тақырыбында тағылымды насихат айтты. Уағыз барысында ол ихсан ұғымының исламдағы ең жоғары рухани құндылықтардың бірі екенін түсіндіріп, оның адам мінезін көркемдеудегі маңызына тоқталды.
Бас имамның айтуынша, ихсан – әрбір істі шынайылықпен, жауапкершілікпен және адалдықпен орындауға үндейтін асыл қасиет. Сонымен қатар, ол ихсан қағидасын ұстанған адамның айналасына мейірім мен жанашырлық танытып, қоғамдағы татулықтың нығаюына үлес қосатынын атап өтті.
Кездесу барысында адам тәрбиесінің негізі рухани құндылықтар мен ізгі амалдардан басталатыны жан-жақты түсіндірілді. Даурен Куттыбаев жастардың бойына адамгершілік, сабырлылық және еңбекқорлық қасиеттерін сіңіруде ихсан тәрбиесінің ерекше орын алатынын жеткізді.
Сондай-ақ, ол ата-анаға құрмет көрсету, үлкенді сыйлау және кішіге қамқор болу сияқты ізгі амалдардың ихсан ұғымымен тығыз байланысты екенін айтты. Насихат кезінде қоғамдағы көптеген келеңсіздіктердің алдын алуда рухани тәрбиенің маңызы зор екендігіне ерекше назар аударылды.
Бас имам әрбір мұсылманды күнделікті өмірінде ихсан қағидаларын басшылыққа алып, көркем мінез қалыптастыруға шақырды. Жамағатқа ихсанның тек діни ұғым ғана емес, сонымен қатар тұлғаның жан-жақты дамуына негіз болатын өмірлік ұстаным екені түсіндірілді.
Тағылымды кездесу соңында қатысушылар ихсан тәрбиесінің мәнін терең түсініп, ізгілік пен парасатқа негізделген қоғам қалыптастырудың маңыздылығы жөнінде құнды мәліметтер алды.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


10 Маусым 2026
24 Зуль-хиджа 1447

