Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылының Ломоносов орта мектебінің 2006 жылғы түлектерінің қолдауымен және ауыл азаматтарының ұйымдастыруымен аяулы дос, ардақты құрдас Құлмағанбетов Сырлыбай Жалғасбайұлын еске алуға арналған әуесқойлар арасындағы аудандық ашық кіші футбол турнирі өтті.
Турнир аясында марқұмның рухына Құран бағышталып, ас берілді. Ізгі шараның басты мақсаты – достыққа деген адалдық пен құрметті дәріптеу, жастық шақтағы сыйластық пен татулықты насихаттау, сондай-ақ жастарды бірлікке, ынтымаққа тәрбиелеу болды.
Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тартысты әрі қызықты кездесулерге толы болды. Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапатталып, үздік ойыншыларға бағалы сыйлықтар табысталды.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, Сырлыбайдың жарқын бейнесі мен ізгі қасиеттері оны қадір тұтқан жандардың жүрегінде мәңгі сақталады. Оның есімі достықтың, адамгершіліктің және адалдықтың жарқын үлгісі ретінде әрдайым құрметпен атала береді.
Жуалы аудандық мешітінің баспасөз қызметі.



13 Маусым 2026
27 Зуль-хиджа 1447

