Жуалы ауданы, Билікөл ауылдық округіне қарасты Қарабастау ауылының жомарт азаматтары — Ғабит Миразов, Бақтияр Кенжеұлы және Қайрат Есмұратовтың демеушілігімен ауқымды қайырымдылық іс-шарасы өтті. «Билікөл» мешітінің имамы Қуаныш Орынбасарұлымен бірлесе ұйымдастырылған бұл шара аясында жергілікті тұрғындарға тікелей әлеуметтік қолдау көрсетілді.
Игілікке толы шара барысында Қарабастау, Жылыбұлақ, Дарбаза және Әбдіқадыр ауылдарында тұратын көпбалалы әрі әлеуметтік жағынан аз қамтылған 15 отбасының әрқайсысына 50 000 теңге көлемінде, жалпы көлемі 750 000 теңге ақшалай көмек табыс етілді.
Ауыл имамы Қуаныш Орынбасарұлы қиын сәтте мұқтаж жандарға қол ұшын созып, сауапты іске ұйытқы болған демеуші азаматтарға шынайы ризашылығын білдірді. Рухани жетекші жомарт жандардың кәсіптеріне береке тілеп, жиналған қауыммен бірге елдің тыныштығы мен бірлігі үшін ақ батасын берді.
Жуалы аудандық мешітінің баспасөз қызметі



05 Маусым 2026
19 Зуль-хиджа 1447

