КЕЛІН МЕН ЕНЕ АРАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ҚАЛАЙ РЕТТЕЛЕДІ?

КЕЛІН МЕН ЕНЕ АРАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ҚАЛАЙ РЕТТЕЛЕДІ?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақ халқы отбасын – ұлттың ұйытқысы, тәрбиенің алтын бесігі деп таныған. Әсіресе, бір шаңырақ астындағы татулық пен сыйластыққа ерекше мән берген. Сол себепті халқымыз келін мен ене арасындағы қарым-қатынасты тек тұрмыстық байланыс емес, рухани тәрбие мен адамгершіліктің айнасы деп қарастырған. Ислам діні де отбасы берекесін сақтауға, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге үндейді. Қазіргі қоғамда отбасы ішіндегі түсініспеушіліктердің көбеюі осы құндылықтардың әлсіреуінен туындап отырғаны жасырын емес. Сондықтан келін мен ене арасындағы сыйластықты шариғат негізінде реттеу – бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі.

Отбасы – мейірім мен сабыр мектебі

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Олардың арасында сүйіспеншілік пен мейірім жаратты» («Рум» сүресі, 21-аят) деп, отбасының махаббат пен рақымға негізделуі керектігін баяндайды. Шаңырақтың шаттығы тек материалдық жағдаймен емес, рухани түсіністікпен өлшенеді. Әсіресе, келін мен ене арасындағы қарым-қатынас дұрыс болса, отбасының ынтымағы артады.

Қазақ «Келін ененің топырағынан» дейді. Бұл сөз – келіннің жаңа ортаға бейімделуі мен тәрбиесіне ененің ықпалы зор екенін білдіреді. Ене – тек ұл тәрбиелеген ана ғана емес, келінге бағыт-бағдар беретін тәлімгер. Ал келін – барған жерінің берекесін кіргізетін жан. Сондықтан екі тарап та сабыр мен парасат танытқанда ғана шаңырақ шайқалмайды.

Исламдағы ененің орны

Исламда ата-анаға құрмет көрсету – үлкен құлшылықтардың бірі. Пайғамбарымыз ﷺ: «Жәннат – аналардың табанының астында» деп  ананың мәртебесін айрықша көтерген. Келін үшін ене – күйеуінің анасы, яғни құрметке лайық үлкен адам. Сондықтан келіннің енесіне дауыс көтеруі, ауыр сөз айтуы немесе менсінбеуі мұсылман әдебіне қайшы келеді.

Қазақы тәрбиеде де келін үлкеннің алдын кесіп өтпеген, дауыс көтермеген, ізет көрсеткен. Бұл – әлсіздік емес, тәрбиенің белгісі. Өйткені көркем мінез – мұсылманның ең үлкен сипаты.

Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ: «Сендердің ең жақсыларың – мінезі көркем болғандарың» деген хадисінде адам бойындағы әдептің маңызын көрсеткен.

Келін енесіне құрмет көрсеткен сайын шаңыраққа мейірім кіреді. Үлкеннің батасы – отбасының берекесі. Баталы үйде бақ болады.

Ененің де жауапкершілігі бар

Кей жағдайда барлық міндетті келінге артып қою кездеседі. Алайда Ислам әділет діні болғандықтан, ененің де міндеті мен жауапкершілігін айқындайды. Ене келінін қызы сияқты қабылдап, оған мейіріммен қарауы қажет. Себебі жүрекке жол табудың кілті – жұмсақтық.

Алла  Елшісі ﷺ: «Алла жұмсақтықты жақсы көреді. Жұмсақтық бар жерде көркемдік болады» деп, қарым-қатынаста қатігездік емес, мейірім үстем болуы керектігін үйреткен.

Келін – бөтен ортаға келген адам. Ол жаңа отбасыға үйреніскенше қолдау мен түсіністікке мұқтаж болады. Егер ене әрбір қателікті бетіне басып, ауыр сөз айтатын болса, отбасы берекесі қашады. Қазақ «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтпаған. Ене келіннің кемшілігін көпшілікке жария етпей, оңаша түсіндірсе – бұл даналықтың белгісі. Себебі адамның абыройын сақтау – Ислам әдебінің бір бөлігі.

Сабыр – татулықтың кілті

Отбасындағы кез келген мәселені сабырмен шешу қажет. Қазіргі таңда болмашы реніштің үлкен жанжалға ұласуы жиі кездеседі. Оның соңы отбасының ыдырауына дейін апарып жатады. Мұндайда екі тарап та нәпсіге ермей, ақылға жүгінуі тиіс.

Құранда: «Расында, сабыр етушілерге сыйлықтары есепсіз беріледі» («Зүмәр» сүресі, 10-аят) делінген.

Сабыр – үнсіз қалу ғана емес, ашуды тежей білу, кешірім таныту, қарым-қатынасты сақтап қалуға күш салу. Келін де, ене де бір-бірінің жағдайын түсінуге тырысқанда ғана сыйластық орнайды.

Қазақ аналары «Келін – үйдің көркі» деп бағалаған. Ал ибалы келін енесін туған анасындай құрметтеген. Осындай өзара сыйластықтың арқасында талай шаңырақтың түтіні түзу шыққан.

Дәстүр мен дін үндестігі

Қазақ халқының салт-дәстүрі Ислам құндылықтарымен астасып жатыр. Мәселен, сәлем салу, үлкенге құрмет көрсету, төр ұсыну – мұның бәрі адамды ізгілікке тәрбиелейді. Кейбір адамдар дәстүрді ескіліктің қалдығы деп қабылдайды. Алайда тәрбиелік мәні бар салттарды сақтау – ұрпақ тәрбиесінің маңызды бөлігі.

Келіннің ибалығы – отбасының айнасы. Ал ененің парасаты – шаңырақтың берекесі. Дінімізде де адамдар арасын жарастыру, туыстық байланысты нығайту сауапты іс саналады. Пайғамбарымыз ﷺ: «Мұсылман – өзге мұсылманға тілімен де, қолымен де зиян келтірмейтін адам» деген.

Сондықтан отбасында ауыр сөзден, орынсыз реніштен, ғайбат пен кінәлаудан сақ болу қажет. Себебі кейде бір ауыз сөз бүтін бір отбасының тыныштығын бұзады.

Қазіргі қоғамдағы маңызды мәселе

Бүгінде әлеуметтік желі мен түрлі телехикаялар ене мен келін арасындағы қатынасты кекесін мен тартыс ретінде көрсетіп жатады. Мұндай түсінік жастардың санасына кері әсер етеді. Негізінде, ене мен келін бір-біріне қарсы тарап емес, бір отбасының екі тірегі болуы тиіс.

Келін – бір әулеттің аманатына айналған жан. Ал ене – өмірлік тәжірибесі мол тәлімгер. Егер ене ақылымен бағыт берсе, келін ізетімен із қалдырады. Отбасыдағы татулық – қоғам тыныштығының бастауы. Келін  мен ене арасындағы қарым-қатынас – тек тұрмыстық мәселе емес, үлкен рухани жауапкершілік. Ислам діні екі тарапты да сабырлы болуға, кешірім мен мейірімге шақырады. Құрмет бар жерде – береке, сыйластық бар жерде – тыныштық болады.

Қазақ «Ырыс алды – ынтымақ» деген. Бір шаңырақ астында өмір сүрген жандар бір-біріне жанашырлықпен қарап, жылы сөз бен көркем мінезді серік етсе, отбасы берекесі артады. Ене мейірімді болса, келін ибалы болады. Ал ибалы келін мен парасатты ене отырған үйден құт пен береке ешқашан кетпейді.

Сағымбаев Бақытбек Бауыржанұлы

Жамбыл облысы Байзақ ауданы

Тегістік ауылы «Тегісік» мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: