Ислам дінінде адам өмірі – ең жоғары құндылық. Жаратушы Иеміз адам баласын ерекше қадір-қасиетпен жаратып, оған өмірді ең үлкен нығмет және қасиетті аманат ретінде берді. Алайда, қазіргі қоғамда өмірдің қиындықтарына төтеп бере алмай, соңғы шешімді өлімнен іздейтіндердің көбеюі – үлкен трагедия. Суицид – бұл тек бір адамның өлімі емес, бұл Жаратушының заңына қарсы келу және айналасындағы жандардың жүрегіне өшпес жара салу.
Ислам шариғатында адамның өз-өзіне қол жұмсауы – ең ауыр күнәлардың бірі (кәбира). Себебі, өмірді сыйлаған – Алла, сондықтан оны алуға да тек Алланың ғана құқығы бар. Адам өзінің денесіне де, жанына да толық иелік етпейді, ол тек уақытша пайдалануға берілген аманат қана.
Алла Тағала қасиетті Құранның «Мүлік» сүресі, 2-аятында:
«Ол сондай Алла, қайсыларың жақсырақ амал жасайтындарыңды сынау үшін өлім мен өмірді жаратты», – деп айтқан.
Адам ғұмыры ізгілікке толы әрі ұзақ болғандығы жақсы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Адамдардың жақсысы өмір жасы ұзақ әрі амалдары ізгі болғандары», – деген (имам Тирмизи).
Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала ашық түрде былай бұйырады:
«Өз-өздеріңді өлтірмеңдер! Расында, Алла сендерге өте Мейірімді» («Ниса» сүресі, 29-аят).
Бұл аятта Алла Тағаланың мейірімі кез келген қиындықтан жоғары екені және үмітсіздікке бой алдыруға болмайтыны ескертілген.
Хадистерде өзіне қандай құралмен қол жұмсаған болса, қияметте дәл солай азапталатыны айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім бір темірмен өзін-өзі өлтірсе, ол темірі қолында болып, тозақ отында мәңгі бақи өзін-өзі түйреумен болады» (Бұхари, Мүслим), – деп қатаң ескерткен. Бұл дүние – сынақ алаңы. Әрбір ауыртпалықпен бір жеңілдік бар. Өз-өзіне қол жұмсау – сол сынақтан қашу, бірақ қашқан жерің одан да ауыр азап болуы мүмкін екенін ұмытпау керек.
Өз-өзіне қол жұмсау – мәселенің шешімі емес, мәңгілік бақытсыздықтың басы. Қандай ауыр жағдай болмасын, шығар жол бар. Мұсылман адам басына іс түскенде сабыр сақтап, дұға арқылы Жаратушыдан жәрдем сұрауы тиіс.
«Жүректің тыныштығы – тек Алланы еске алумен болады». Сондықтан, жаны күйзелген адамға дер кезінде қол ұшын созу, рухани қолдау көрсету – қоғамның міндеті. Өмірдің әрбір сәтін қадірлеп, аманатқа қиянат жасамау – имандылықтың басты шарты. Өмірді өліммен жазаламайық, керісінше, оны сауапты істермен нұрландырайық.
Ержан Көшкімбай
Мойынқұм ауданының бас имамы


20 Мамыр 2026
3 Зуль-хиджа 1447

