Көркем мінез

Көркем мінез

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

610 жылдың Рамазан айы еді. Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) әдеттегідей бұл жолы да Хира үңгіріне оқшауланып, ғибадат етуде еді. Уахи тасушы Жәбрейіл періштемен жолығып, Жаратушы Жаббар иемізден ең алғашқы рет хабар алған Пайғамбар толқып-қобалжыған күйі сүйікті жары Хадиша анамызға келіп болған уақиғаны айтып берді.  Сөзін бітірер-бітірмес «Өзімнен қорықтым» деген болатын анамызға.

Даналығымен танылған Хадиша анамыздың көңілі тыныш еді. Өйткені Пайғамбарымыз сынды көркем мінезге ие бір жанның басына келген бұл жағдай жамандыққа нышан еместігін нақ білді де мына сөздерімен күйеуінің көңілін басты:

-«Олай демегін! Аллаға ант етейін, Алла сені ешқашан ұятқа қалдырмайды. Себебі сен ағайынға қамқорсың, мұқтажға жәрдемшісің, аш қалғанды тойдырасың, қонаққа құрмет көрсетесің және зұлымдыққа ұшырағандарға жәрдем етесің».

Алла елшісін жігерлендірген Хадиша анамыздың мына сөздері Қалам сүресінің «Расында сен ұлық көркем мінезге иесің» аятының тәпсірі сынды еді. Себебі Пайғамбарымыз пайғамбар болмай тұрып ақ айналасына көркем мінезділігімен танылып, сенімді Мұхаммед мағынасын білдіретін «Мухаммадул-әмин» лақабы берілген болатын. Көркем мінезге тәрбиелеу оның пайғамбарлық мақсаты еді. Пайғамбарымыз хадисінде: «Расында мен көркем аһлақты (мінезді) толықтыру үшін жіберілдім» деген болатын.

Мәдина қаласына келген Сағд бин Хишам атты мұсылман Айша анамыздан Пайғамбардың мінезі қандай еді деп сұраған болатын. Айша анамыз сұрағына сұрақпен «сен Құран оқымайсыңба? Міне Пайғамбарымыздың мінезі Құран еді» деп жауап берген болатын.

Бұған қарамастан Пайғамбарымыз өзінің мінезін тағы да әсемдеуге күш салып, жаман мінезден Аллаға сиынатын. Намаз соңдарында  қолын жайып: «Аллам! Маған көркем мінез бергін! Сеннен басқа көркем мінез беруші жоқ! Жаман мінезден аулақ қылғын! Сеннен артық жаман мінезден аулақ қылушы жоқ!» деп үнемі сұрайтын.

Алланың елшісі сахабаларын көркем мінезді болуға шақыратын. Бірде Убада бин Сомитпен бірге иман келтіруге келген бір топ Мәдиналықтардан Аллаға серік қоспауларымен қатар ұрлық жасамау, зина етпеу, туған қыздарын өлтірмеу және жала жаппау сынды көркем мінезге қатысты тақырыптарда уәделерін алған болатын.

Пайғамбарымыз Муаз бин Жәбәлді Иемен қаласына уәли ғып жіберіп жатып оған: «Уа Муаз! Адамдармен көркем мінезді мәміле жаса!» деп бұйырды.

Көркем мінезді болуға шақырған Пайғамбарымыз өз хадисінде: «Мүминдердің иман тұрғысынан ең кәмілі көркем мінезді болғандары» деп, иман мен көркем мінез бір-бірінен айнымастай жұп екендігін көрсетіп өтті. Сонымен қоса көркем мінезділер ең абзал жандар екендігін және өзіне ең сүйкімді кісілердің қатарында екендігін жеткізді.

Алайда адам баласы қателіктерден тұрады емеспе?!  Қателескен жанға да Алла елшісі: «Қайда болсаң да Алладан қорық! Жамандығыңның артынан дереу бір жақсылық жаса да жақсылығың жаңа жасаған жамандығыңды өшіріп әкетсін. Адамдармен көркем мінезбен мәміле жаса!» деп өсиет айтып кеткен болатын. Себебі Алла Тағала Құранда айтқандай істелген жақсылықтар жамандықтарды жоятындығы ақиқат.

Мінезіміздің көркемдігі немесе жамандығы жәннатпен сүйіншілену немесе жәһәннаммен азапталуға апаратын бір нәтижеге байланғандығы белгілі. Жомарт Алла жақсылық жасағанның сауабын еселеп, күнаһардың тек сол істегенінің жазасын ғана беру үшін амалдарын таразыға тартқанда ненің ауыр басатынын Пайғамбарымыз айтып кеткен еді. Өз хадисінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиямет күні мүміннің таразысында көркем мінезден де ауыр басатын ештеңе болмайды. Расында Алла, сөзі мен ісі жиіркенішті кісіге қаһарын жаудырады» деп бұйырып, мінезін көркемдеген кісіге жәннаттың ең жоғарғы дәрежесінен бір сарай салынатынына кепіл болатынын уәде етті.

Алла Тағалам баршамызды мұсылмандар үшін көркем үлгі өнегелер бар Пайғамбарымыздың көркем мінезімен мінезденуімізді нәсіп етсін. Жақсы мінезіміз себепті Пайғамбар уәде еткен жәннаттың ең жоғарғы дәрежесіндегі сарайдың барша мұсылманға нәсіп болсын!

Алмуханбет  Егизбаев 

Қордай ауданы

«Шарбақты ауылдық» мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз:

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active