Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Рахым Сәбденов ауылдық «Отарымбет» мешітінің имамы Қалтай Спанұлы айт намазынан кейін жамағатқа және әжелерге айттық сыйлықтар үлестірді. Ораза айт мерекесімен құттықтап, мейрамды сезіндіру және ұлықтау мақсатында осындай игі шараны қолға алып, қуаныш пен шаттық сыйлады.
Əр ісі даналыққа толы сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сыйлыққа үлкен мəн берген. Көптеген хадистерінде сыйлық тарту ету адамдардың бір-біріне деген сыйластығын, татулығын, өзара сүйіспеншілігін арттыратындығы баяндалады:
«Бір-біріңізге сыйлық беріңіздер! Өйткені сыйлық сүйіспеншілікті арттырады, жүректі кірбіңнен тазартады».
«Сыйлық алмасыңдар, бір-бірлеріңе деген махаббаттарың артады».
«Жейтін нəрсе сыйлаңыздар. Бұл несібелеріңізді молайтады».
Байқасақ, сыйлық беру, сыйласудың астарында бір-бірінің үйіне бас сұғу, зиярат ету, қал-жағдай сұрасу, көңілін аулау, қуанышына ортақтасу, тілектестік, ниеттестік, қуанғанына қуану, көңілдегі кірбіңді шаю, арада болған дүрдараздықтарды ұмыту, татуласу секілді бірнеше ізгі амалдар жатқанын көреміз. Ал бұл өз кезегінде адамдар арасында сүйіспеншілік пен бауырластыққа, жақындыққа жол ашатыны сөзсіз.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі



27 Наурыз 2026
8 Шавваль 1447

