Тараз қаласындағы облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Жақсылықұлы өңір имамдарымен жүздесті. Кездесу барысында діни саладағы өзекті мәселелер қозғалып, мемлекет пен дін өкілдерінің өзара ықпалдастығы сөз болды.
Серік Жақсылықұлы өз сөзінде еліміздің Ата заңына енгізілген өзгерістерге тоқталып, оның қоғам өміріндегі маңызын кеңінен түсіндірді. Сондай-ақ діни бағыттың ел бірлігі мен қоғамдық тұрақтылықты сақтаудағы рөліне айрықша назар аударып, бұл бағытта имамдармен бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Мемлекет тарапынан діни қызметкерлерге әрдайым қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Кездесуде ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы да сөз алып, елге, жерге қызмет етудің мәні мен заң талаптарын сақтау – әрбір азаматтың, соның ішінде дін қызметкерлерінің басты міндеті екенін атап өтті. Ол көршілес мемлекеттердегі түрлі жағдайларды мысалға келтіре отырып, Қазақстандағы татулық пен тұрақтылықты сақтау – ортақ жауапкершілік екенін тілге тиек етті.
Жиын барысында имамдар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, өзара пікір алмасты. Кездесу елдік мүдде, заңға құрмет және рухани жауапкершілік тақырыптарын кеңінен қамтыған мазмұнды басқосу болды.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі



10 Ақпан 2026
22 Шаабан 1447

