Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын): «Халал анық, харам анық. Екеуінің арасында күмәнді істер бар» – деп, мұсылман баласын әр ісінде жауапкершілік пен сақтыққа шақырған. Осы орайда Жамбыл облысы, Қордай ауданы, аудандық «Қордай» мешітінде, мешіт ұстазы Нұсұлтан Сатжанұлы аудан имамдары арасында «Жалға алған мүлікті жалға беруге бола ма?» тақырыбында пәтуа сағатын өткізді.
Пәтуа сағаты барысында ислам шариғатындағы жалға алу және жалға беру мәселелері кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, жалға алынған мүлікті үшінші бір тарапқа қайта жалға беруге рұқсат етілетіні айтылды. Бұл ретте жалға беруші мүлікті қалаған бағасына жалға бере алады. Алайда негізгі шарт — мүліктің бастапқы қалпын, яғни оның негізін өзгертуге болмайды. Сонымен қатар, маңызды шариғи қағидаға да ерекше назар аударылды.
Егер жалға берілетін мүліктің күнәлі іске пайдаланатыны анық немесе белгілі болса, онда ондай мүлікті жалға беруге мүлде болмайды. Бұл талап исламдағы адалдық пен жауапкершілік ұстанымдарына негізделеді. Пәтуа сағаты имамдар үшін пайдалы әрі мазмұнды өтті. Шара барысында қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, қазіргі қоғамда жиі кездесетін жалға беру мәселелеріне шариғат тұрғысынан түсініктемелер жасалды.
Бұл ретте ислам дінінде адал мен арамның шегі нақты айқындалғаны ескертіліп, күмәнді істерден сақ болудың маңыздылығы айтылды. Жиын соңында ақсақал имамдардың батасымен аяқталды. Алла Тағала адал ниетпен атқарылған істереге береке беріп, дін қызметкерлеріне даналық нәсіп етсін!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



02 Ақпан 2026
14 Шаабан 1447

