Қордай ауданында ҚМДБ-ның «Қордай Құран қариларын дайындау орталығы» демеушілігімен, Қордай аудандық мешітінің ұйымдастыруымен, «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Жамбыл облысы имамдары арасында кіші футболдан облыстық турнир өтті.
Аталған спорттық шараның негізгі мақсаты – дін қызметкерлері арасындағы ауызбіршілікті арттыру, бауырластық қарым-қатынасты нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау.
Турнирге Жамбыл облысының аудан-қалаларынан келген имамдар қатысып, тартысты әрі мазмұнды ойын өрнегін көрсетті. Атап айтқанда, жарысқа Талас, Қордай, Жуалы, Шу, Байзақ, Меркі, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарының имамдары, сондай-ақ Облыс орталығы, Әулие ата, Масаншы медресесі және Һибатулла Тарази медресесінің имамдарынан құралған командалар қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
I орын – Һибатулла Тарази медресесінің имамдары;
II орын – Масаншы медресесінің имамдары;
III орын – Байзақ ауданы имамдары;
IV орын – Облыс орталығы имамдары.
Турнир барысында үздік ойын көрсеткен қатысушылар арнайы номинациялармен марапатталды.
Көрермен көзайымы – Шу ауданының бас имамы Кенжемолдаев Алмас;
Үздік шабуылшы – Жамбыл облысының бас имамы Асқар Зәкіржанұлы;
Үздік қақпашы – Ерболат Боханов, Һибатулла Тарази медресе-колледжінің ұстазы;
Fair Play (әдеппен, адал ойнағаны үшін) – Жуалы ауданы имамдары.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар, кубоктар мен медальдар табысталды. Аталған турнир имамдар арасындағы ынтымақтастықты арттырып, діни қызметкерлердің қоғамда салауатты өмір салтын ұстануына оң үлгі көрсетті.
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



02 Ақпан 2026
14 Шаабан 1447

