Кезекті мақаламызды жасы үлкен кісілерді, яғни, ақсақал-қарияларымызды сыйлау, әрі оларға құрмет көрсету тақырыбына арнағанды жөн санадық. Қазақи салтымызда да үлкен кісілер әрдайым құрметті орындарға отырғызылып, төрге жайғасады. Той-жиындарда да бірінші сөз оларға беріліп, сол ортадағы кесімді сөз, шешімді ойларды үлкендер айтып жатады.
Ертеректе жастарымыз сапарға шығарда яки отбасылы болып, шаңырақ көтерер шақта ақсақалдардың алдынан өтіп, бата сұрайтын. "Батаменен ел көгереді" дегенді айнымас ереже деп алғандықтан үлкеннің батасын алуды, жолы болудың бір себебі деп топшылаған. Қазақтар жаугершілік замандарда жасы үлкен әрі құрметті адамдардан шайқасқа аттанар алдында бата сұрайтын болған. Қашаған ақын былай дейді:
"Жетпістен жасы асқанда,
Сексенге аяқ басқанда,
Жастар елеп келмесе,
Келіп сәлем бермесе,
Күнде асыл кисе де,
Қартайғанда ер жетім".
Сол үшін де дана халқымыз ұрпақтарына "Қарты бар үй - қазына" деген нақыл сөзді терең үйретіп, олардың жақсы тілегін, батасын алуды, көңілін сұрап, елеп-ескеруді де – мұсылманшылықтың үлкен белгісі деп есептеген. Имам Ашғари айтады: "Шаш-сақалы ағарған үлкен кісіні, Құранды жатқа білетін адамды, және әркез әділдік жолын ұстанып жүретін мұсылманды құрметтеудің сауабы - Алла Тағаланы ұлықтағанмен тең сауапқа ие болады" дейді.
Жасы үлкен адам әрбір істің соңының нәтижесінің қандай болатынын толық сезінетін адам болып саналады. Жасы үлкен адамда данышпандық пен ақылдылықтың көрінісі табылады. Адам баласы жас кезінде құдды бір алауға ұқсайды, әрқандай көздеген мақсаттарына тезірек, әрі бойындағы күш-қуатын арқылы жетіп баруды көздейді. Нәтижесінде жолынан түрлі қателіктер орын алып жатады. Ал енді егделік жасқа жеткенде толықтық пен кемелдікке жетіп, әр істің байыбына ақылмен жетуді мақсат етеді. Көздерінің нұрының қуаты азайса да, ақылы мен ой-санасы ақиқат жолынан адаспайды. Сол үшін дінімізде де әр кез үлкендерді сыйлауға, құрмет тұтуға бұйырады. Оларды төрге шығарып, бата бергіздіріп, ризалықтарын алуға үндейді.
Мұхтар Әуезовтың "Абай жолы" романында қазақтың салт-дәстүрлері мен әртүрлі жол-жоралғылары керемет көрсетілген. Соның ішінде үлкенді құрметтеудің жарқын үлгісін Абай мен Бөжейдің арасындағы мына диалогтан аңғарамыз: "Абай тоқтаған қалпында бойын тез жиып, аттылардың алдына жұмысы бар кісідей көлденеңдеп кеп тосып тұрды. Үлкен ықылас білдіріп, айрықша бір тағзыммен төсін басып, қатты дауыстап: – Ассаламу алайкум!", деп сәлем берді. Өзге қазақтан бөлек, мына сияқты бір алуан сыпайылыққа Бөжей оң назарын салып, атының басын тежей беріп: "Уа алайкумуссалам балам!" деп тоқтай қалды. Бөжей Абай күйін жақсы таныған сияқты еді. Анықтап қарап алып: Балам, жөніңді айтшы, бізді көрсең, сәлем бер деп әкең айтып па еді, әлде өздігіңмен істедің бе? деп сұрайды. Абай сол кезде: "Әкем емес, өзім беріп тұрған сәлемім сізге" дейді. Абайдың жауабын естіген соң, Бөжей ықыласпен қарай түсіп, жақындады да: "Әкең айтпай, өзің білген болсаң, батамды берейін. Көзіңнен жақсы жанар көрдім ғой, шырағым!" деп батасын береді.
Қандай ғажап десеңізші! "Баталы құл арымас" дегендей, әркез үлкендердің батасын алып жүргенге не жетсін десеңізші.
Әнас ибн Маликтен (р.ғ.) риуаят еткен хадисте келтіріледі,"Бірде жасы үлкен қария Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) іздеп (жолығатын деп) келген кезде адамдар қауымы ол кісіге жол ашуға, яғни ортаны ашуға кешігіп қалады. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Кімде кім кішілерімізге мейірім төкпесе, үлкендердімізді құрметтемесе, олар біздің қауымнан емес" деген екен. Демек, жасы үлкендерге әрдайым құрмет көрсетуі ізді, оларды қадірлеуімізді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) барша мұсылман үмметтеріне әмір етуде. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Егер араларыңызда еңкейген қариялар, өрмелеп жүрген жәндіктер және емізулі сәбилер болмағанда бастарыңызға бәле-жалалар жаңбырдай жауған болар еді",-деген екен. Демек, Алла Тағала жасы үлкендердің дұғаларының (бата,тілек) берекелерінен және сәбилердің бейкүнә себептерінен жер бетін өз панасына алуда, яғни сақтауда.
Кезінде бар ғұмырларын халық қызметіне арнаған, ал қазіргі таңда жастарымызға тура жолды нұсқап, баталарын беріп жүрген үлкендердімізді құрметтеп жүрсек, кейінгі өскелең ұрпақ та бұл игі ісімізді жалғастырарына бек сенімдіміз.
Үмбет Сабырханов
"Әл-Хақ" мешітінің имамы
Т.Рысқұлов ауданы


23 Қаңтар 2026
4 Шаабан 1447

