Тамды ауылында ауыл әкімшілігі мен мешіт имамы Мырзаханұлы Нұрболдың ұйымдастыруымен мекемелер арасында спорттық жарыс өтті. Салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған шара ауыл тұрғындары үшін көтеріңкі көңіл күй сыйлап, тартысты бәсекеге толы болды.
Жарыс бағдарламасы 5 кезеңнен тұрды. Атап айтқанда, шар мен стакан жинау, аяққа допты қысып мәрені айналып өту, секіртпемен (скакалка) секіру, қол күресі және арқан тартыс сынды сайыстар қатысушылардың ептілігі мен ұйымшылдығын сынады. Әр кезеңде командалар белсенділік танытып, жеңіске деген жігерін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша:
I орын – Спорт кешені ұжымы,
II орын – Мәдениет үйі ұжымы,
III орын – Әкімшілік және Мектеп ұжымы иеленді.
Шара соңында ауыл әкімі мен Нұрбол имам жеңімпаз командаларды құттықтап, дипломдар мен арнайы сыйлықтарды табыстады. Ұйымдастырушылар мұндай спорттық шаралар ауылдағы бірлікті нығайтып, жастарды белсенділікке үндейтінін атап өтті.
Тәңкібай ата мешітінің баспасөз қызметі.



19 Январь 2026
30 Раджаб 1447

