ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша әйел-қыздар секторының және Нәметбай мешітінің ұйытқы болуымен Тараз қаласында ерекше рухани мағынаға толы Құран кеші өтті. Арнайы мейрамханада ұйымдастырылған бұл мерекелік жиын әліппе кезеңін аяқтап, Құран оқудың келесі сатысына өткен 50 қыз-келіншекке құрмет көрсету мақсатында жасалды.
Шара ел ішіндегі діни білімге қызығушылықтың артып келе жатқанын айқын көрсеткен рухани басқосу болды. Кешке 200-ге жуық қонақ жиналып, арнайы әзірленген мазмұнды бағдарлама ұсынылды. Қатысушылар тәрбиелік қойылымдар көріп, тағылымды дәрістер тыңдап, түрлі сайыстарға қатысып, қонақтарға арналған фуршеттен дәм татты.
Шараға облыстық әйел-қыздар секторының жетекшісі Жазира Иманалиева,
Кенесхан қажы мешітінің ұстазы Зейнеп Усенова, сондай-ақ Ар-Рахмани Рахим мешітінің ұстазы Зора Айдарова құрметті қонақ ретінде қатысты. Ұстаздар шәкірттерге жүрекжарды баталарын беріп, Құран үйренудің қадір-қасиеті, оны өмірге бағыт ретінде алу жайлы мазмұнды насихат айтты.
Кештің ең толқынысты сәті – қыз-келіншектерге Құран мен құрмет белгісі ретінде тәж табыстау рәсімі болды. Бұл – олардың еңбегі мен тәртібінің, Құран білімін жалғастыруға деген ықыласының көрінісі саналды. Әр шәкірттің жүзіндегі қуаныш пен толқу Құран оқуға ынталанып жүргендердің ынтасын арттырды.
Шара барысында ұстаздар жүректегі тыныштық, сабыр және рухани тәрбие жайлы қысқаша дәрістер оқып, жас буынға бағыт-бағдар берді. Олардың айтуынша, Құранды үйрену – тек әріпті меңгеру емес, жүректі тәрбиелеу, мінезді көркейту және адамдық болмысты қалыптастыру жолы.
Кеш соңында ұстаздар шәкірттерге ақ баталарын беріп, Құран нұрымен жүретін берекелі өмір тіледі. Бұл игі шара қыз-келіншектерге рухани серпін сыйлап, ата-аналар мен қонақтардың да жүрегінде жылы әсер қалдырды.



02 Желтоқсан 2025
11 Джумада-сани 1447

