#Шу: «Аталар өнегесі» – рухани сабақтастықты жалғаған тағылымды кездесу өтті

#Шу: «Аталар өнегесі» – рухани сабақтастықты жалғаған тағылымды кездесу өтті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қасиетті жұма күні Шу ауданының орталығы Төле би ауылындағы «Жангүлім» балабақшасында ұлттық құндылық пен ұрпақ тәрбиесін ұштастырған ерекше жиын өтті. «Аталар өнегесі» атты тағылымы мол кездесу ауыл ақсақалдары, ұстаздар мен ардақты қонақтардың басын бір арнаға тоғыстырды.

Шараға ауыл ақсақалдар алқасының төрағасы Мырзахан Оразымбетұлы, Шу аудандық білім бөлімі әдіскері Сабырхан Перизат Болатқызы, сондай-ақ жиынның қатысушысы ретінде «Жиенбет Жексенбай» мешітінің имамы, ауыл ақсақалы Шүкірәлі молда келіп, бүлдіршіндермен жүздесті.

Балабақша әдіскері Қайшыбекова Лейлә Владимирқызы әзірлеген мазмұнды бағдарлама көпшіліктің көңілінен шықты. Аталардың ақ батасымен басталған шара бүлдіршіндердің өнерлі ән-күйімен әрленіп, ұлттық рухты асқақтата түсті.

Кездесу барысында ақсақалдар ұлтымыздың салт-дәстүрінің тәрбиелік мәніне тоқталып, «Салт – әдептің негізі, әдеп – діннің айнасы, ал дін – ғылыммен егіз» деген тағылымды ойларын ортаға салды. Қазақтың ер-тұрман, ұлттық тағамдары, музыкалық аспаптары мен ұлттық ойындары жайлы қызықты деректер айтылып, балалардың таным көкжиегін кеңейтті.

Шараның ең ерекше сәттерінің бірі – балабақша тәрбиеленушілерінің бірі «бүлдіршін-ботақанның» тұсаукесері болды. Аталар батасы беріліп, ұлттық рәсімнің мәні түсіндірілді.

Кездесу соңында балабақша құрылтайшысы Ермекова Гүлмира Диханбекқызы жайған ақ дастарханнан дәм татылып, ақ ниетті алғыс айтылды. Ал оқу бөлімі әдіскері Перизат ханым бағдарламаның мазмұны терең, тәрбиелік мәні жоғары, сәтті өткенін атап өтті.

«Балалар – біздің болашағымыз. Біз олардың жарқын келешегіне сенеміз!» деген тілекпен, қатысушылар балабақша басшысы Гүлмира ханымға ризашылық білдіріп, естелік ретінде кілем сыйлады.

Ұлттық тәрбие мен аталар аманатын ұлықтаған бұл басқосу ауыл тұрғындары үшін рухани серпіліс беріп, болашақ ұрпаққа үлгі боларлық игі дәстүрге айналары сөзсіз.

Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: