Шу ауданының Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен қазақ руханиятының шамшырағы, ой даналығының символы болған Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ерекше мазмұнды, рухани терең кеш ұйымдастырылды. Бұл кеш көрермендерді бір сәтке болса да ақын дүниесіне жетелеп, ой мен жүректі тазартқан тағылымдық шара болды.
Сахна төрінде ұлы ойшылдың өмір жолы көркем баяндалып, оның ұрпаққа аманат етіп қалдырған Қара сөздері мен өлеңдері сырлы үнмен, жүректен шыққан қоңыр дауыспен оқылды. Әрбір шығарманы әйел жамағаты мазмұнымен тербеп, Абай даналығының мәңгілік екенін тағы бір дәлелдеді.
Кештің көркін аша түскен – арнайы жасақталған «Абай бұрышы». Мұнда ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты кітаптар, суреттер, деректер қойылып, көрермендерге рухани саяхат жасауға мүмкіндік берілді.
Сондай-ақ ұлттық өнерді дәріптеу мақсатында қазақ қолөнерінің көрмесі ұйымдастырылып, шеберлердің қолынан туған зерлі бұйымдар көпшілікке ұсынылды. Бұл көрме Абай әлемін қазақтың өнер байлығымен ұштастырып, кештің мәнін одан әрі тереңдете түсті.
Аталмыш шара аудан жұртшылығы үшін рухани сусындап, ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртуға жол ашқан маңызды мәдени оқиға болды.
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі.



24 Қараша 2025
3 Джумада-сани 1447

